RU

Мысырда абақтыға түсіп қалған қазақстандық студенттердің жағдайы әлі белгісіз

Мысырда қамауға алынды делінген қазақстандық студеттерден әлі күнге ешқандай хабар жоқ деп хабарлайды КТК арнасы.

Жоғалды деген алты студенттің екеуінің ғана аты-жөндері  белгілі. Олар – Еламан Жазылхан мен Қанат Берік. Екеуі де бірнеше тілде еркін сөйлейді, аудармашы болып жұмыс істеген. Туыстары жастардың Мысырға шілденің 11-інде ұшып кеткенін айтуда. Олармен байланыс алты күн бұрын үзілген.

Алдын ала мәлімет бойынша студеттер шетелге тіл үйрену үшін және араб тілінен бірнеше кітапты тәжімалауға барған. Олардың жол ақысы мен жүріп-тұруын мысырлық бір қор төлеуі тиіс болыпты. Қазір осы қор да, тіл үйретуі тиіс орталық та студенттер туралы тіс жарар емес.

Тағы оқыңыздар: Полицейлер мен әскерилер қазынаға 20 миллион теңге салық төлемей отыр

Бір белгілісі – оларды полицей формасын киген адамдардың ұстап әкеткені. Студеттерді не үшін ұстады және алты бірдей отандасымыз бүгінде қандай күйде, бұл жағы беймәлім.

Астана арнасының хабарлауынша, мәселенің анық-қанығын білу үшін Сыртқы істер министрлігі Астанадағы Мысырдың сенімді өкілін шақыртқан.

"Кеше Египеттегі елшімізбен кездесу барысында Мысырдың Сыртқы саясат ведомствасы басшысының орынбасары Қазақстанға жақын арада ресми жауап береміз деп мәлімдеді. ҚР Сыртқы істер министрлігіне Египеттің Астанадағы уақытша сенімді өкілі шақырылды", - дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1568334-mysyrda-abaqtygha-tusip-qalghan-qazaqs.html