RU

Ұлты неміс ақтөбелік полицей қазақ тілін үш айда меңгеріп алған (фото)

Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық ІІБ жол-патрульдік полицияға жетекшілік ететін Николай Викторович қазақ тілін небары үш айдың ішінде толық меңгеріп шыққан, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

Ресей жерінде неміс отбасыда дүниеге келген Николай Трошин бала кезінде әкесінің жұмыс бабына байланысты Ақтөбе өңіріндегі Хлебодар елді мекеніне қоныс аударған. Осы жерде орыс мектебін бітіріп, 2000 жылы Таразға әскери міндетін өткеруге аттанған Н.Трошин дәл осы кезде әскердегі алғашқы үш айда-ақ қазақ тілін толық үйреніп шыққан.

"Таразға әскерге барғанымда батальонның барлығы жүз пайыз қазақ, тек мен ғана неміс ұлтынан болдым. Барлық бұйрықтар, командалар — қазақша. Орысша сөйлеп жатқан бірде-бір адамды көрмедім. Содан не керек, намысқа тырысып, ортама бейімделіп,  алғашқы айда-ақ қазақша түсіне бастадым, келесі айда өзім де қазақша сөйлейтін деңгейге жеттім, ал үшінші айда қазақтардан ешбір айырмашылығым болмай қалды. 

Екі жыл әскери борышымды өтеп, үйіме оралғанда, шынымды айтайын, орыс тілін мүлде ұмытып қалдым. Ата-анамнан бастап, барлық орыс тілді достарым таң-тамаша болды. Орысша қойылған сұрақтарға түсініңкіремей, біраз ойланып барып жауап беретін болдым", - деп жымия еске алған Николай бүгінде екі тілді де жетік біледі.

"Мен жол-патрульдік полицияның жұмысын қадағалайтындықтан, әрбір қызметкердің қазақша білуіне мән беремін. Себебі, патруль  — полицияның айнасы деуге болады. Олар күнбе-күн халық алдында жүреді. Бірінші көзге түсетін, алдыңғы шепте болып, көмекке алғаш болып асығатындар да солар. Сондықтан халықтың тілін түсіне білу аса маңызды", -дейді аға лейтенант.

Тағы оқыңыздар: Мысырда абақтыға түсіп қалған қазақстандық студенттердің жағдайы әлі белгісіз

Николай Трошин балаларын да қазақ балабақшаларына берген.

"Біздің елімізде, неге екенін білмеймін, ұлты қазақ емес азаматты көрсе, қазақ азаматтар бірден орысша сөйлей бастайды. Сондай стереотип қалыптасқан. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын", - деген полицей әрбір азаматтың қазақ тілін меңгеруін маңызды деп санайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1568367-ulty-nemis-aqtobelik-policey-qazaq-ti.html