RU

Атырау көшелерінде адамды ұялтатын билбордтар пайда болды (фото)

Атыраулық шенеуніктер жалқауларға қарсы ерекше тәсілмен күреспек. Олар қаланың орталық көшелеріндегі билбордтарға жатыпішерлердің күнделікті өмірін бейнелейтін карикатураларды іліп қойды деп хабарлайды КТК арнасы.

Билбордтарға жұмыс істеудің орнына үйде жатып, «алма піс, аузыма түс» дейтін қағиданы ұстанатын, туған бала-шағасынан гөрі әлеуметтік желілерге көбірек көңіл бөлетін қыз-келіншектер және ата-анасының зейнетақысын асыға күтетін жігіттер бейнеленген.

Ащы шындықты бейнелейтін бұл туындылар белгілі суретші Аңсаған Мұстафаның қолынан шыққан. Өзекті тақырыптарды өткір бейнелеп жүрген суретшінің елуге жуық шығармасын Атырау қаласының әкімдігі арнайы сұратып алыпты. Соның ішінен 10 шақтысын таңдап, ілуді жөн көрген екен.

Тағы оқыңыздар: "Эйр Астана" ішімдік ішкен қызметкерін жұмысынан қуып жіберді

Мұндай әрекет әкімдіктегілер «дайын асқа тік қасық» болуға әзір тұратын кейбір атыраулықтарды ұялтып, өмірлерін өзгертуге себеп болады дейді.

"Бұған қала әкімдігі жанынан әлеуметтік тақрыптарға баннерлер орналастыру мақсатында 7 миллион көлемінде қаражат бөлінді. Бұл аудитория ең бірінші жастарға, содан қала берді қала тұрғындарына да ой салады деген мақсатта жасалып жатқан жұмыстың бірі", - дейді Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлбаршын Меңдіқұлова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1568470-atyrau-koshelerinde-adamdy-uyaltatyn-b.html