RU

Өлімді жеңген құлсарылық ғашықтардың хикаясы көпшілікті тәнті етті (фото, видео)

Ауыр науқасқа шалдығып, бірнеше жыл ауруханадан шықпаған құлсарылық 23 жастағы Әнел Мұратова мен оның сүйіктісі 22 жастағы жас жігіт Мәрлен Нұргасеновтың таңғажайып махаббат хикаясы көпшілікті жылатып та, қуантып та үлгерді. Ғашықтардың хикаясын өз ауыздарынан Ақ Жайық сайтының тілшілері біліп келген.

"Достығымыз 16 жастан басталды. Ресми түрде ұсыныс жасау сияқты нәрселер болған жоқ, бәрі аяқ астынан болды. Басында телефонмен, интернет арқылы сөйлесіп жүрдік. Кейін ол 9-сыныпты бітіріп, Ақтөбеге колледжге оқуға түсті, ал мен мектепте оқып жүрдім. Сол кезде мен қатты ауырдым", - дейді Әнел.

Өкпесіне суық тиген бойжеткен сүйіктісіне өзінің ауруы туралы ештеңе айтпаған.

"Мен Қарағандыға операцияға кетіп бара жатқанымда бір күн бұрын оған телефонмен жағдайымды айттым. Ол неге екені белгісіз, қашан, қай пойызбен шығатынымды сұрастырып алды. Мен мінген пойыз Ақтөбеге соқпайды, Қандыағашқа тоқтайды. Ал, Мәрлен сабақтан қашып шығып, Ақтөбеден Қандыағашқа келіп, менің вагоныма отырып алды", - дейді бойжеткен.

Мәрлен Әнелдің жанында үнемі болу үшін сырттай оқу бөліміне ауысқан.

"Мен ауруханада үнемі Әнелдің жанында болуым үшін сырттай оқу бөліміне ауыстым. Кейін дәрігерлер «бұл баланы көндіре алмайсың бәрібір» деп қолдарын бір сілтеді. Онда дәрігерлер кілең орыс. Мен орысшаға шорқақпын, сонда да барымды айтып, тілдерін табуға тырыстым. Кейін бәрімен дос болып кеттік, кетерде қимай қоштастық қой (күлді)", - дейді Мәрлен.

Тағы оқыңыздар: Меккеге барып келсе де ішімдікті тастамаған қажылар көпшіліктің сынына ілікті

Өкпесін алғызған Әнелдің ауруы онымен бітпеген. Күніне 25 түрлі дәрі-дәрмек қабылдаған бойжеткеннің асқазан-ішек жолдарының жұмысы бұзыла бастаған.

"Қарағандыда дәрігерлер ота жасау керек деп, 8 сантиметр ішегімді кесті. Ал 2012 жылы жүрегім сыр бере бастады. Тек бір өкпе жұмыс жасап тұрғасын, жүрекке оттегі жетпеді. Кез келген уақытта ауа жетпей қалуы мүмкін болғасын оттегі баллонын алдырттық. Осы кезде Марлен Қарағандыда жұмыс тапқан болатын. Ол менің жағдайымды ести сала, "мен жұмыстан шығам, сенің қасыңда болып, баллонды көтеріп жүремін" деді. Мен оттегі баллонынсыз жүре алмайтын болдым. Кез келген уақытта есімнен танып қалатынмын. Не істеп, не қойып жатқанымды білмей қаламын. Сол кезде Марлен тоқтамай сөйлеп, "міне, біз осында отырмыз, мына жердеміз" деп есімді жинатқызатын", - дейді өткен өмірін еске алған Әнел.

Меңдеген дерттен Әнелдің жүрегі орнынан қозғалып арқасына қарай ығысып кетеді. Өмірден үмітін үзбеген қос ғашық Астана, Алматының дәрігерлеріне барады. Мәскеуден келген профессор Әнелді тексеруден өткізіп, Марленге қыздың өмір сүруге 30 пайыз ғана мүмкіндігі бар деп айтқан.

"Сонда Мәрленнің ашуланғанын көрсеңіз, профессордың жағасына жармасып, «мен Әнелді әлі-ақ сіздің алдыңызға әкелем, айтып отырғаныңыз осы ма?" деп айқайлады, көзі көрмей кетті. Мен мына жақта: "Біткен жерім осы ма, бар өмірім осы ма?" деп жылап жатырмын. Мәрленді сүйреп кабинеттен алып шықтым. Әлі есімде Мәрлен мені қаладағы саябаққа алып барып, отырғызып қойып, айқайлап жылады: "Сен профессор осылай айтты екен деп берілесің бе? Соған сенесің бе? Аллаға неге сенбейсің? Құдайдан неге сұрамайсың? Мен сен үшін өмір сүріп жүрмін, неге маған көмектеспейсің?"деді", - дейді Әнел.

Әнел түндерде ұйқысынан оянғанда Мәрленнің өзі үшін Алладан дұға тілеп отырғанын көрген. Бойжеткен өзінің өмірі үшін күрескен жігітін көргенде, өзінің де күресуі қажет екенін түсінген. Осыдан кейін Әнелдің Қарағандыдағы дәрігері Аманжол Темірбаевқа шет ел мамандарының оған ота жасаудан бас тартқанын айтқан. Қос ғашықтың өмір үшін жанталасып жүргенін көрген дәрігер Әнелге ота жасау үшін арнайы Корея еліне барып оқу оқып келген. Шет елден келгеннен кейін ол екі күннен соң кейіпкерімізге ота жасайды.

Тағы оқыңыздар: Түркия төрінде Шәмшінің әнін шырқаған Мейрамбек көпшілікті сүйсінтті

"Ота үстеліне тек 30 пайыз ғана кепілдікпен жаттым. Бәрі қатты қорықты. Анам: "мүмкін, ойланарсың, жасатпассың, қорқып тұрмын" деп жыласа, Мәрлен: "жоқ, ота жасалады, мен сенемін, бәрі жақсы болады" деді. Мен де отаға кіретінімді айттым. Өлімді күтіп отырғанша, амал жасап өлгенім артық деп шештім. Нағыз өліп кетіп жатсам, әйтеуір, амал қылды деп айтады ғой. Әрине, қорқыныш болды. Отаны 3-4 сағаттан артық созуға болмайтын, себебі мен наркозды көтере алмас едім. Кейін маған ота 6,5 сағатқа созылғанын айтты",- дейді отадан аман-есен шыққан Әнел.

Осы оқиғадан кейін 2015 жылы Әнел мен Мәрлен некелерін қидырған.

"Менің сүйіктім қасымда. Адам қандай жағдай болмасын, берілмеуі керек, төрт аяқтап болса да өмір сүруге талпыну керектігін маған Мәрлен үйретті. Себебі Алла дұғаңды қабыл етеді", - дейді ол.

Еске салсақ, Әнел мен Мәрлен жуырда ғана Ернар Айнардың "Сөнбеші, күнім" әнінің бейнебаянына түсті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1568895-olimdi-zhenhgen-qulsarylyq-ghashyqtardy.html