RU

Ақтөбеде ішіп-жегені үшін төлемеген клиенттерді қуамын деп төрт баланың әкесі қаза болды

Ақтөбеде ішіп-жеген астарының ақысын төлемеген клиенттермен болған даудан соң төрт баланың әкесі қайтыс болды. Марқұм дәмханада әкімші болып жұмыс істеген деп хабарлайды Керек Инфо.

Ақтөбедегі №2 қалалық сотта 31 жастағы ақтөбелік Әсет Оразбайдың өліміне қатысы бар деп айыпталғандардың соты басталды. Оқиға 20 наурызда Қарғалы ауданындағы "Достар" дәмханасында болған. Екі ер адам жеген астарының ақысын төлемей, кетіп қалмақ болады. Клиенттердің соңынан қуған дәмхана әкімшісі олардың көлігінің есігіне жармасып үлгереді.

Ақыры көлік жылдамдығын арттырғандықтан, ер адам жол жиегіне құлайды. Басынан ауыр соққы алған жігіт сол жерде көз жұмады. Айыпталушылар орындығында қазір марқұмның бұрынғы сыныптасы Марат Абдуллин мен оның жұмыстасы Артур Берекетов отыр. Екеуі де жасаған қылмыстарын мойындап отыр. Алайда адам өлтіру ойларында болмағанын айтады.

Тағы оқыңыздар: Қостанайда діни қауым мүшесі оқушы қызбен жыныстық қатынасқа түскен

"Сол түні дәмханада сыра ішіп, тамаққа тапсырыс бердік. Әсетпен Алға ауданының Қарақобда ауылында бірінші-екінші сыныпты бірге оқығанмын. Сондықтан оны өзімізбен бірге отыруға шақырдым. Алайда ол жұмыста екендігін айтып, бас тартты. Кейін екі шыны сыра әкеп берді. Оны мекеме есебінен бергендігін айтты. Біраздан соң 1,5 литрлік пластик бөтелкеге құйылған сыра берді. Бірақ, есепшот төлеу кезінде даяшы 2555 теңге талап етті. Мен сыраны тегін берді деп есептегендіктен, ақша төлеуден бас тарттым. Сөйтіп, жанжал шықты. Мені балағаттағандықтан, Әсетті басынан ұрып жібердім. Қасымдағы Артур кепілге куәлігін тастағысы келген. Ол келіспеді. Ақыры ол көліктің есігіне жармасты. Бастапқыда көліктің жылдамдығын 20-30 метрге жеткіздік. Кейін 30-40 метрге арттырдық. Оны ілесе алмай қалып қояды деп ойлағанбыз. Өлтіреміз деген ой болған жоқ. Кешірім сұраймын", - дейді Марат Абдуллин.

Тергеу 32 жастағы Маратқа Қылмыстық кодекстің 293 бабының 1-бөлігі бойынша ("Бұзақылық") айып тағуда. Ал оның жұмыстасы Артур Берекетовке 104 баптың 1-бөлігі ("Абайсызда кісі өліміне әкеп соқтыру") бойынша кінә тағылып отыр. Алайда марқұмның туыстары мұнымен келіспейді.

"Әсеттің әкесі мәйітті тануға барған. Басында сау жері қалмапты.Қолдарының терісі сыдырылған дейді. Машинамен сүйрепті. Бір-екі метр болса, білмей қалды дер едік. 500 метрдей жерге сүйретіп, алып барған. Төрт балам әкесіз қалды. Үлкені жетіде, ең кіші егіз қыздарым екі жастан енді асты. Әкелерін суретіне қарап, күнде іздейді. Оларға не айтарымды білмеймін. Тергеуші дәлел таппағандықтан, оларға аз жаза тағайындап, шартты мерзімге соттайтын баппен қарастырып жатқан көрінеді. Олар жолдасымды қасақана, аяусыздықпен өлтірді деп ойлаймын. Артында төрт баласы жетім қалды", - деп жылады жұбайы Гүлнар Оразбай.

Қара жамылған отбасы кінәлілердің тиісті жазасын алғанын қалайды. "Бұл істі аяқсыз қалдырмаймыз" деген олар әділдік іздеп Жоғары сотқа, президентке шағымданбақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1569204-aqtobede-iship-zhegeni-ushin-tolemegen-k.html