RU

Қазақстандықтарды шошытқан атышулы бес қылмыскер кімдер?

Қазақстанда күн сайын 400-ден астам әртүрлі деңгейдегі қылмыс жасалынады екен. NUR.KZ порталы ел есінде ұзақ уақыт сақталып қалған атышулы бес қылмыскерді назарларыңызға ұсынады. Олардың жауыздықтары әлі күнге дейін әлеуметтік желіде және халық арасында үлкен қорқынышпен айтылады. Қаскөйлердің  танымалдығы сонша ғаламтордың википедиясына кіріп, жасаған қылмыстары хикаяға айналған.

Тараздық жихадшы

2011 жылы 12 қарашада Таразда бұрын-соңды болмаған жантүршігерлік оқиға орын алды. Діни экстремизм бойынша күдік тудырған Мақсат Қариев өзін сыртай аңдып жүрген ҰҚК-нің екі офицерін өлтіреді. Кейін қару сататын дүкенге келіп сол жерде күзетшіні мерт қылып, тағы бір адамды ауыр жаралайды.

Соңына екі полицейді де атып өлтірген. Ақыры ҰҚКД ғимаратына келіп, ғимаратты оқтың астына алады. Тек түскі сағат үштер шамасында жол полициясының жеке батальоны қызметкерлері оны қолға түсірді.

Тағы оқыңыздар: АҚШ әскерилері Қытайға қарсы ядролық қару қолдануға дайын

Сол кезде жанкешті Мақсат Қариев өз-өзін жарып жіберіп, қасында тұрған полиция капитаны Байтасов та көз жұмған. Жалпы, оқиға салдарынан 7 адам қаза тапқан еді.

«Арқанкерген» оқиғасы

Арқанкергендегі оқиға 2012 жылы мамырдың 30-ы күні мәлім болды. Сол күні "Шығыс" аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының Сарыбөктер заставасында 12 шекарашы және бір қорықшы, ал бірінші маусымда тағы екі шекарашының - барлығы 15 адамның мәйіті табылған. ҰҚК шекара қызметінің мәліметіне қарағанда, заставадағы Арқанкерген постының ғимараты өртенген.

Тірі қалған жалғыз шекарашы – 19 жастағы Владислав Челах маусымның бесінде ұсталды. Маусымның жетісінде Челахтың «серіктерін өлтіргенін» мойындағаны туралы хабарланды. Челахтың туыстары оған сенбейтіндерін айтты.

2012 жылы қазанның бірі күні «Арқанкерген бекетіндегі 14 шекарашы мен орманшының өліміне кінәлі» деп қамауға алынған Владислав Челахқа «екі және одан да көп адамды өлтірді», «әскери қызметтен қашты», «әскери мүлікті зақымдады», «әскери қаруды ұрлады», «орманшы мен командирдің жеке мүлкін ұрлады» және «бөтен кісінің үйіне заңсыз кірді» деген айыппен, өмір бойына сотталып кетті. Атышулы Челах қазір Қостанайдағы "Қара бүркіт" түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Туыстарының сөзінше, қанды қол қарақшы Арқанкергендегі қырғын жайлы кітап жазуды армандап жүр.

Қауіпті Күлекбаев

2016 жылы 18 шілдеде Алматының қақ ортасында небары 24 минутта орын алған қанды қырғыннан 10 адам қаза тапқан еді. Қолына қару алып 8 құқық қорғау қызметкері мен 2 бейбіт тұрғынды жер жастандырған Руслан Күлекбаевтың аты әлі күнге ел есінді.

Салафизмнің жетегінде кетіп, 10 отбасыны қан жылатқан қарақшы бұл ісіне өкінбейтінін айтып, жасаған қылмысын «Аллаға қарсылардың көзін жойдым» деп масаттанған еді. 2016 жылы екінші қарашада сот отырысы өтіп, ең алғаш рет атышулы лаңкеске өлім жазасы кесілді. Қауіпті Күлекбаев қамауға алынса да халықтың қорқынышы сейілмеді.

Себебі, оның лаңкестік шабуылынан кейін Алматыда қауіпсіздіктің «қызыл» деңгейі жарияланды. Қазір Руслан Күлекбаев Владистав Челах отырған «Қара бүркіт» түрмесінде өлім жазасын күтуде.

Тағы оқыңыздар: 20 жастағы қарағандылық жігіт белгісіз жағдайда қаза тапқан

«Әліби ісі» немесе тоқалға талас

2015 жылы 24 сәуірде әлеуметтік желіде беті аузының сау тамтығы қалмаған 24 жастағы Әліби Жұмағұловтың суреті дүйім жұртты дүр сілкіндірген еді.

Кейін белгілі болғандай жас жігітті итше тепкілеген Астанадағы танымал кәсіпкер Қайрат Жамалиев пен оның сыбайластары болып шықты. Оқиға халық арасында үлкен резонанс алып, тіпті «Әліби ісі», «Тоқалға талас» деген атпен тарап кетті. Себебі, кәсіпкердің Әлібиді өлімше етіп сабауға тоқалы Айнұр Исинаның қисық жүрісі түрткі болған. Осылайша жарты жылға қызу талқыға түскен оқиғаға 2015 жылдың шіліңгір шілдесінде нүкте қойылды.

Астанадағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттың шешімі бойынша, кәсіпкер Қайрат Жамалиев 13 жылға сотталды, ал сыбайластары 12 және сегіз жыл арқалады. Олар жазаларын қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.

Сонымен бірге, бизнесменнің бар мүлкі тәркіленеді. Өзін жазықсыз санайтын Қайрат Жұмағұлов әлі күнге дейін жоғарғы сотқа арыз түсіріп, жазасын жеңілдетуді сұрап жүр.

Сыра патшасы

Шымкенттік сыра патшасының қылмыстық хикаясымен жауыздықтары әлі күнге дейін ел аузында. Тоқтар Төлешов бастаған рэкеттер Оңтүстік Қазақстан облысын алақанында ұстау үшін "қырғын майдан" жүргізген.

Олар "жабайы Арман", "Ескі бандасымен" қиян-кескі күресіп, қарсыластарын қинаған, өлімші етіп соққыға жыққан, өлтірген. Тіпті қылмыстарын қымсынбай видеоға түсіріп, өзгелерді қорқытқан.

Саяси амбициясы шектен шыққан Төлешов Қазақстандағы билікті басып алуды армандап қана қоймай, елдегі небір бүлікті ұйымдастырған болып шықты. Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған бизнесменнің бар былығы әшкере болып, оған Қылмыстық кодекстің 15 бабы бойынша айып тағылды. Ол 2016 жылдың жетінші қарашасында 21 жылға бас бостандығынан айырылып, бүгінгі күні жазасын түрмеде өтеп жатыр.

Айта кетейік, 21 баласы, төрт әйелі бар "сыра патшасының" Mitsubishi, Bentley, Toyota Land Cruiser (екі көлік), Chevrolet (9), Mercedes, Porsche Cayenne, Toyota Camry (2), BMW, Volkswagen Passat, Toyota Land Cruiser Prado (2), Infiniti, Rolls-Royce, Lexus көліктері тәркіге алынды.

Тағы оқыңыздар: Алматы облысында оқушыны өлтірген жеткіншектер сотталып кетті

Сондай-ақ зергерлік бұйым әзірлейтін құрылғылар (22 нысан), карта шотындағы қаражат, зергерлік әшекейлер (183 дана), ерлерге арналған $68 мың тұратын сағат, 855 еуро, 1370 рубль және өзге шетелдік валюта, «Дархан Group» ЖШС атынан тіркелген жер учаскелері бар 10 жеке үй және Шымкенттегі екі тұрғын үй мемлекет қазынасына өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1569339-el-arasynda-ulken-rezonans-tudyrghan-q.html