RU

Ақтөбеде өгей қызына бір жыл бойы зорлық көрсеткен азғын сот алдына келді

Өгей қызын зорлаған педофил 17 жылға түрмеге қамалды. 13 жастағы жасөспірімді зорлаған ер адам ұзақ мерзімге абақтыға қамалды. 39 жастағы педофил бұған дейін де әйелдерге қатысты жыныстық қылмыс жасаған болып шықты деп хабарлайды Керек инфо.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқушы қызды зорлаған ер адамға үкім шықты. Сот материалдарына қарағанда, ол өзінің өгей қызына 2016 жылдың шілдесінен бері жыныстық зорлық- зомбылық көрсетіп келген. Алайда қыз бала қорыққандықтан бұл туралы ешкімге айтпаған. Тек биыл мамыр айында ғана анасы Елек полиция бөліміне шағымданған.

Қызылорда облысы Арал ауданының тумасы бұған дейін де қылмыс жасағаны үшін төрт рет күдікке ілінген. Оның ішінде əйел зорлау дерегі де бар. 2015 жылы азаматтық некедегі əйелін ұрып-соққан үшін əкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сол кезде қыз бала да дене жарақатын алыпты.

Тағы оқыңыздар: АҚШ әскерилері Қытайға қарсы ядролық қару қолдануға дайын

Бірақ тергеушілер бұған қатысты еш шара қолданбаған. Тіпті күдікке ілінгеніне қарамастан, оны есепке қоймаған. Ер адаммен профилактикалық жұмыстар жүргізбеген. Судья Ахметқали Молдағалиевтің айтуынша, бұл оның қылмыс жасауына түрткі болыпты.

Тергеу органдары сотталушыға Қылмыстық Кодекстің 120 бабының төрт бөлігімен айып тақты. Сот оны кінәлі деп танып, 17 жылға бас бостандығынан айырды. Ер адам жазасын қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінде өтейді.

Сондай- ақ сотталушы қыздың анасына екі млн теңге моральдық шығын төлеуі тиіс. Бұған қоса күдікке ілінген адамға тиісті бақылау жүргізбегені үшін Елек жергілікті полиция бөлімінің бастығына жеке қаулы шығарылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1569752-aqtobede-ogey-qyzyna-bir-zhyl-boyy-zorl.html