RU

Асабасын жалдап, той көйлегін алып қойған астаналықтардың тойы өтпей қалуы мүмкін (фото)

Астанадағы танымал мейрамхана қызметкері 22 адамның «тойға» деп берген қаржысын алып қашып кеткен деп хабарлайды "Еуразия арнасына" сілтеме жасаған NUR.KZ порталы.

Ең сорақысы тапсырыс берушілер тойларын жақын күнге жоспарлап, мейрамханаға кемі 100 адам шақырып қойған. Ал аты дардай мейрамхана қожайындары болса алданып қалған тұрғындарға «ақшаларыңды кассир алды, ол жұмыстан шығып кеткен, біз ештеңе білмейміз. Той жасағыларың келсе қайтадан қаржы беріңдер» деп міз бақпайды.

Тағы оқыңыздар: Дана Нұржігіт үйлену тойын Астана төрінде дүркіретіп өткізді (фото, видео)

«Менің тойым осы шілде айында. Бүкіл туыс-туғанды шақырып қойдым. Тойға келіп мында банкент жоқ болса, қандай масқара», - дейді алданып қалған Жасұлан Қадірбек.

Зардап шегушілер тойға деген миллиондаған қаржыны кассир алып қашып кетті дегенге сенбейді. Себебі, банкент ақысын төлеген кезде есепшінің қасында мейрамхананың бірнеше қызметкері де отырып, барлығы бір ауыздан кепілдік берген.

Тағы оқыңыздар: Ауыр дертке шалдыққан балалармен кездескен Голливуд жұлдызы өзін қоярға жер таппады (фото)

Тағы бір айтары, мейрамхана әкімшісі банкентке тапсырыс берем деушілерге «той ақысын түгел төлесеңіз жалпы сомадан 20 пайыз жеңілдік болады» деп сендірген. Сондықтан да клиенттердің басым көпшілігі мейрамханаға қомақты сомадан қалдырған.

Тіпті араларында 200 адам үшін төрт миллион теңге төлегендері де кездеседі. Асабасын жалдап, той көйлегін алып қойған астаналықтар енді не істерлерін білмей дал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1570000-asabasyn-zhaldap-toy-koylegin-alyp-qoy.html