RU

Қарапайым қазақстандықтардың ақылы еңбек демалысы той жасап, кредит жабумен өтіп жатыр

Жаз мезгілі - еліміздегі оқушылар мен студенттер қауымы үшін каникул болып саналса, қызметте жүрген қазақстандықтар үшін еңбек демалысының уақыты. Мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлер жылдың осы кезеңінде демалысқа шығып алуды жөн көреді. Бірақ бұл уақытты қазақтар шын мәнінде қалай пайдаланып, неге арнап жүр? NUR.KZ порталының тілшісі қарапайым қазақстандықтардың еңбек демалысы мен оған берілетін ақыны қайда жұмсағанын анықтап көрді.

Жаздың ортасынан ауған шақта қазақстандықтардың көпшілігі өзіне берілген ақылы еңбек демалысының қалай жылдам өтіп кеткенін сезбей қалған.

NUR.KZ сауалнамасына қатысқан 980 алматылықтың 70 пайызы (686 адам) ақылы еңбек демалысында бір жерге қыдырып, демалуға уақыт бөлмегенін алға тартады.

Сауалнама нәтижесінде жоғарыда аталған 686 алматылықтың ақылы еңбек демалысында демалуына не кедергі екені анықталды.

1. Той жасау/Тойға бару

Демалуға мүлде уақыт бөлмеуінің ең жиі аталған себебі - той қамы. Сауалнамаға қатысушылардың 35 пайызы еңбек демалысына орай берілетін жалақыны тойға салғандарын/салатындарын айтады. Тойдың көптігі оған шақырылған қонақтардың да қалтасына оңайға соқпайды.

"Жазда қызымды ұзаттым. Сондықтан демалуға уақытым да, ақшам да болған жоқ. Енді он күннен кейін жұмыс басталады", - дейді Ботагөз есімді мұғалім.

2. Кредит жабу

Екінші орында - сауалнамаға қатысқандардың 28 пайызы еңбек демалысының ақысын кредит жабуға жұмсаған. Олардың кейбірі алдыңғы кредитінен құтылу үшін бар ақшасын салып, қайтадан кредит алған.

"Менің жалақым 100 мыңнан әрең асады. Алған еңбекақымды кредитімді толық өтеуге жұмсадым. Өйткені ай сайын отыз мыңдап төлеу қиынға соғып кетті. Демалысты кейін көре жатармыз", - дейді күліп Нартай есімді тұрғын.

3. Баспана құрылысы/жөндеу жұмыстары

Сауалнамаға қатысқан алматылықтардың 21 пайызы өздерінің жазғы уақыттағы еңбек демалысын баспана мәселесін шешуге арнағанын, сәйкесінше ақшасын сол құрылыс материалдарына, еңбек күшіне жұмсағандарын жеткізді.

"Қаланың шетінен үй салып бастадық. Жолдасым екеуміздің бар тапқан табысымыз соның құрылысына кетіп жатыр. Алла қаласа, әлі демалып үлгерерміз деп жүрміз", - дейді Бибігүл есімді сауалнамаға қатысушы тұрғын.

4. Үйге ірі сауда жасау (тұрмыстық техника, жиһаз) 

Демалып үлгермегендердің келесі айтқан уәжі - үйге ірі зат сатып алуы себепті қаржының тапшылығы. Тұрмыстық техника мен жиһаз сияқты үйге қажетті дүниелер арзан тұрмайтыны белгілі. Сауалнамада 11 пайыз қатысушы дәл осылай жауап берді.

"Біз үйге жиһаз алып қойдық. Ақша таусылды. Қарыз мүлде алмаймыз. Сондықтан биыл демалуға жоспар жоқ", - дейді сауалнамаға қатысушы Нұрлан атты алматылық жігіт.

5. Жазда мүлде еңбек демалысына шықпайтындар

Жаз мезігілі адамның жұмысқа деген құлшынысы төмендейтін кезең бола тұра, кейбір алматылықтар бұл кезде мүлде еңбек демалысына шықпастан жұмыс істеп жүрген көрінеді. Сауалнамаға қатысқандардың 5 пайызы жазда еңбек демалысына мүлде шықпапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1570011-qazaqtar-aqyly-enhbek-demalysyn-qalay.html