RU

ШҚО-да жол полициясы атып кеткен 63 жастағы азамат екі аяғынан жүре алмай қалды (фото)

Аягөз қаласының тұрғыны жол-патруль полицейінің атқан оғынан ауыр жарақат алып, екі аяғы жүруге келмей қалды. Екі жерінен жараланған 63 жастағы ШҚО тұрғыны Аягөз қаласынан Мамырсу ауылына жолаушы ретінде көлік ішінде келе жатқан деп хабарлайды NUR.KZ.

Портал редакциясына 63 жастағы Орал Бармантаевтың жұбайы мен ұлы хабарласты. Олар жол-патруль қызметкерлерінің жазадан құтылып кетуі мүмкін деген күдігін жеткізді. Айтуларынша, бүгін облыстық ауруханаға ауыр халде ұшақпен жеткізілген әкесінің екі жерінде - жұлыны мен өкпесінде оқ тұр. 63 жастағы азамат екі аяғынан жүре алмай қалған. Ота әлі жасалмапты.

Куәгерлер оқиғаның кешкі сағат жеті-сегіз шамасында орын алғанын айтуда.

"Полиция Мамырсу ауылына кетіп бара жатқан көлікті тоқтатуға тырысқан. Жүргізуші аз-кем ұрттап алса керек, тоқтамай өтіп кеткен. Көлік жүргізушісі тоқтамаған соң, оған полиция оқ атқан. Одан кейін көлік ішіндегі адамдарды ұрған. Сондағы жолаушылардың бірінің арқасына оқ тиді", - дейді оқиға куәгерлерінің бірі.

Жараланған азаматтың ұлы Әлібек Бармантаев жедел жәрдем қызметінің келмеуі себепті, аудандық ауруханаға әкесін өзі апарған.

"Кешкі сағат сегіздер шамасында маған бауырым телефон шалды. Әкемді үйге кіргізіп алшы, - деп, болған жайтты баяндады. Келсем аулада, жерде қансырап жатыр екен, маған екі аяғының істемей қалғанын айтты. Көтеріп үйге кіргіздім. Аздап ішімдік ұрттаған екен. Жедел жәрдем шақырып едім, аудандық аурухана ауылдық жедел жәрдем қызметіне хабарласыңдар деді. Ал ауылдық жедел жәрдем қызметі ондай науқастарды жеткізе алмайтындықтарын айтты. Ауруы үдей түскен соң, әкемді аудандық ауруханаға жеке көлігімізбен өзіміз жеткіздік", - дейді ұлы Әлібек Бармантаев.

Тағы оқыңыздар: Екі адам өлім құшқан Алматы маңындағы ұшақ апатының бастапқы себебі анықталды

Ал жұбайы Күміс Көкебаева жолдасының жағдайы нашарлап жатқанын жеткізді.

"Қиын жағдай болып тұр. Денесінен бір емес, екі оқ табылып жатыр дейді дәрігерлер. Оны атқан, басынан ұрған, құлақты жыртып жіберген, бет-аузын быт-шыт қылған. Біз үкіметтен әділдік іздейміз, сонда әділдікті сақтайтын адамдар осындай бола ма?  Сондағы полицейлер 1995 жылғы балалар дейді. Сонда олардың әкесі жоқ па? Неге атады?", - дейді Күміс Көкебаева.

Оның айтуынша, 63 жастағы жараланған Орал Бармантаевты полицейлер сол күйі ауыл дүкенінің ауласына тастап кеткен. 

Тағы оқыңыздар: Астанада қараусыз қалған үш жасар бала көпқабатты үйдің терезінен құлап, мерт болды

Әлібек Бармантаевтың мәлімдеуінше, бұл оқиғаны ауылда кешкі малдың алдынан шыққан тұрғындар, көшеде ойнап жүрген балалар, кемінде елу шақты адам көрген. Жәбірленушінің жақындары болған жайт бойынша полицейлердің үстінен прокуратураға шағымданды.

Бұл іске қатысты ШҚО ІІД өз пікірін білдірді.

"Бұл оқиға 26 шілдеде, шамамен кешкі сағат 20.00-де болған. Аягөз қаласы мен Мамырсу ауылының арасындағы жолда жол-патруль полициясының экипажы жүрісі күдік туғызған Мазда 323 жеңіл автокөлігін тоқтатпақшы болды. Көлік жүргізушісі оған құлақ аспай, өтіп кетіп, жол-патрульдік полициясының экипажынан ұзай бастайды. Экипаж құрамында екі полицей болады. Тәртіп сақшылары құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша заң шеңберінде іс-қимыл жасайды. Заң талаптарына мойынсұнбаған көлікті қуады, содан кейін табельдік қызметтік қаруды қолдануды шешеді. Полиция көліктің дөңгелегінен екі рет атқан. Сол кезде көлік тоқтайды. Көлік жүргізушісі полицияға қарсылық көрсетеді. 1953 жылы туған азамат екі полицейді аяғымен теуіп, соққы жасайды. Бейджигін, түймесін үзіп тастайды. Сараптама қорытындысы бойынша, көлік жүргізушісінің масаң күйде рөлге отырғаны анықталды. 1953 жылы туған азаматқа қылмыстық кодекстің 380-бабы бойынша айып тағылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Көлікті тоқтатқанда ішіндегі 1954 жылы туған жолаушының жарақат алғаны белгілі болды. Дөңгелекке атылған оқ тайқып кетіп, жолаушыға тиген болуы мүмкін. Жараланған азамат ауруханаға жеткізілді. Ал полицейлердің үстінен қылмыстық кодекстің 362 бабы (Билігі мен қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқ атқан полицей әрекетінің қаншалықты заңды немесе заңсыз екендігін бақылау органдары тексеріп жатыр. Қозғалған қылмыстық істер ІІД-нің бақылауында", - дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1570420-shqo-da-zhol-policiyasy-atyp-ketken-63-zhast.html