RU

ЭКСПО-ны тамашалауға барған жамбылдық оқушылар бір күн бойы далада жүрген

Қыдырамыз деп алып-ұшып Астанаға келген жамбылдық оқушылар сол күні асығып-аптығып кері қайтты. Бұған ата-аналар турды ұйымдастырушылар мен білім бөлімін кінәлап отыр деп хабарлайды 24.kz.

Олардың айтуынша, оқушылар Астанада екі күн бойы демалуы тиіс болған. Алайда, жеткіншектерге тоқтайтын орын да ұйымдастырылмапты. Соның салдарынан жүзден астам бала киімін сыртта ауыстырып, сағаттап далада жүрген. Адасып кеткендері де бар.

"06:00-де пойыздан түстік. Қонақ үйдің алдына алып барды. Далада тұрдық. Кіре алмадық. Содан кейін бізге «далада киініңдер» деді", - дейді Аяжан Сәттібек есімді оқушы.

Жуалы ауданынан барған әлеуметтік аз қамтылған, тұл, жартылай жетім және көпбалалы отбасынан шыққан оқушылардың демалысы осылай басталған.

«Таңғажайып ЕХРО көрмесіне кіргеннен кейін болған жағдайды ұмытып та кеттік. Шыққаннан соң бәрі қайта басталды», – деген оқушылар жетекшілердің өздеріне «бәрі жақсы деп айтыңдар, ата-аналарыңа айтпаңдар» дегенін айтып қалды.

Тағы оқыңыздар: АҚШ-та көлік ішінде қалған екі бүлдіршін аптап ыстыққа шыдамай көз жұмды

Таразға қайтар билет түнгі сағат 02:00-ге алынған. Ал оқушылар көрмені сағат 20:00-де аралап болған көрінеді. Балалардың тоқтайтын орны болмағандықтан, туркомпания өз қаражаты есебінен түнгі қалаға экскурсия ұйымдастырыпты. Сөйтіп жүргенде таңертеңнен бері қыдырудан шаршаған балалардың бірі топтан қалып қойған.

Туркомпания басшысы болған жағдайды жоққа шығарып отырған жоқ. «Жасөспірімдердің Астанадағы саяхаты бір күнге жоспарланған», – дейді ол.

Ал Жуалы аудандық білім бөлімінің мамандарының уәжі басқа. Айтуларынша, келісімшарт бойынша екі күнге әр балаға 32 мың теңге көлемінде аударылған.

"Талапты орындамай отыр. Baiterek Travel Center-дің өзінен жауапкершілік алу керек. Түсініктеме аламыз", - дейді Жуалы аудандық білім бөлімінің бас маманы Салтанат Ескелдіқызы.

Тағы оқыңыздар: Қырғызстан президенті болғысы келетіндер саны елуден асып кетті

Айта кету керек, жалпы Жамбыл облысынан ЕХРО көрмесіне 6222 бала барады деп жоспарланған. Оның 2500-ден астамы бас қалада болып, халықаралық көрмені тамашалап келген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1572227-ekspo-ny-tamashalugha-barghan-zhambyldyq.html