RU

Еврейлердің көп жалақы алатынын жазған журналист жұмысынан қуылды

"Еврейлер көп жалақы алады" деп жазған британдық журналист жұмыстан босатылды деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Британиялық Sunday Times газеті колумнист Кевин Майерстің бұдан былай бұл басылымға мақала жазбайтынын хабарлады. Бұған оның бір материалында антисемитизмнің көрініс табуы себеп болған көрінеді.

Қазір материал газеттің веб-сайтынан алынып тасталды. Газеттегі өз бағанында «Кешіріңдер, қыздар – мұндай жалақы үшін соған сай еңбек ету керек» деген тақырыппен мақала жариялаған Кевин Майерс Би-би-сидің жүргізушілері Клаудия Уинклман мен Ванесса Фелцтің жоғары жалақыны еврей болғаны үшін алып отырғанын меңзейді.

Times өкілдері автордың бұдан кейін аталған газетке мақалалары шығарылмайтынын растады. Редактор Мартин Ивенс болса осы жарияланым үшін оқырмандарынан, сондай-ақ ол мақалада аттары аталған әйелдерден де кешірім сұрады.

Тағы оқыңыздар: 15 мың долларға той басқаратын Тұрсынбек отбасымен Түркияда демалып жүр (фото)

Дереккөзінің хабарлауынша, кешірімнің мәтіні газет бетінде келесі аптада жарияланбақшы. Аталған мақалада Кевин Майерс корпорациядағы жалақысы жоғары «жұлдыз» қызметкерлердің (жылына 150 фунт стерлингтен көп жалақы алатын қызметкерлер) үштен екісі ерлер екенін жазған.

Сонымен қатар, ең жоғары жалақыны алатын екі қызметкер - Уинклман мен Фельцтің еврей екенін, еңбекақыны көбірек алуына осы мәселе әсер етіп отырғанын ишаралай жеткізеді.

Осыдан кейін Британияның «Антисемитизмге қарсы кампания» коммерциялық емес ұйымы Ipso журналистік стандарттардың тәуелсіз ұйымына осы мақалаға қатысты шағым түсірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1572645-evreylerdinh-kop-zhalaqy-alatynyn-zhazgh.html