RU

Мақатаевтың ескерткішін қорлаған алматылық бұзақылар жұрттың ашуына тиді

Алматыда вандалдар мұзбалақ ақынның ескерткішін келемеждеп, балағат сөздерді жазып кеткен. Тұрғындар ол жазуларды бір аптадан бері өшіретін адам табылмай отыр дейді. Ал, ауданды көріктендіруге жауапты мамандар мұндай олқылықты "жақында ғана байқадық" деп ақталды.

Алматылық Асылхан Мәлімбаева Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші қойылған шағын саябақта күн сайын немерелерін ойнатып, тынығады. Ол соңғы кездері жасөспірім балалардың ақиық ақынның ескерткішінің үстіне шығып, асыр салып ойнағанын жиі байқайды екен. Бұған қынжылып, өзі де біраз ескерту жасапты. Ал осыдан бір апта бұрын ақынның ескерткішінің астында балағат сөздер жазылғанынк көрген.

"Әкімшілікке шағымданамыз деп жүргенбіз. Үйге барғанда ұмытып кетеміз, көрген сайын "ұят болды, мынаны өшіру керек қой" дейміз де қоямыз. Шара қолданады деп ойлаймын мен, енді ұят тіпті",- деді қала тұрғыны Асылхан.

Ақынды қорлаған екі ауыз сөз саябақта жүрген өзге де тұрғындардың шамына тиді. Олар бұзақыларды дереу жауапқа тарту керек дейді.

Саябақ аумағында түнде жарық шамдарының барлығы жанатын көрінеді. Алайда, маңайға бірде-бір бақылау камерасы орнатылмаған екен. Ал, аудандағы көріктендіруге жауапты мамандар балағат жазуды жақында байқадық деп аң-таң болды.

Тағы оқыңыздар: Қырғызстан президенттігіне үміткерлердің ішінде жетеуі бұрын сотталған болып шықты

Жауаптылар сөз бергендей, маңайға дереу арнайы құралдарын құшақтаған тазалаушылар келді. Бұзақылардың шатпағын жастары алпысқа таяған жұмысшылар жуып-шайды.

Олар мұндай тірлікке кімнің барғанын білмесе де, өздерін әуреге салғандарды қарғап-сіледі. Ал, жергілікті билік өкілдері ақиық ақынды қорлаған вандалдарды табу қиынға соғатынын, десе де маңайға тәртіп сақшыларын қойып қорғайтынын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1575293-maqataevtynh-eskertkishin-qorlaghan-al.html