RU

Әкімнің өзі талдықорғандық «үздік ұстазға» сыйға берген пәтерді әкімдік тартып алды

Талдықорғанда 2012 жылы «Үздік ұстаз» атанған Нұрлан Нұрбаевқа облыс әкімі екі бөлмелі пәтерді сыйға тартқан. Енді, міне, 5 жыл өткен соң атқамінерлер өзі тұрып жатқан жоқ деген желеумен қайтып тартып алған. Оған келіспеген жас ұстаз сотқа шағымданып отыр.

Сол кезде өңір басшысы болған Аңсар Мұсаханов жылдың үздік ұстазы атанғаны үшін облыс орталығындағы баспананы сыйға берген. Сол жылдары жас оқытушы Қапшағайдағы мектеп-гимназияда жұмыс істеген. Қазір ол Шеңгелді ауылындағы мектептің директоры екен. Басында тіркелген басқа баспанасы жоқ. Енді үздік ұстаз атанған азамат әйелі және үш баласымен пәтер жалдап тұруға мәжбүр.

"Жеңімпаз атанған мұғалімге жыл сайын беріліп отырды, тек жылдың үздік мұғаліміне ғана. Маған сол 2012 жылы берілді. Бірақ мен ол кезде Қапшағай қаласында жұмыс істейтінмін. Талдықорған қаласынан берді. Осы квартира да Талдықорған қаласында, облыс орталығында. Енді бүгінгі күнде бұл үлкен даулы мәселеге айналып отыр", - дейді «Үздік ұстаз-2012» атағының иегері Нұрлан Нұрбаев.

Тағы оқыңыздар: Петропавл-Есіл жолында соқтығысқан үш көліктің күл талқаны шықты (фото)

Мектеп директоры билік басындағылардың бұл қылықтарына қапалы. Өздері берген сыйлықты қайтып алғандарына жол болсын деп отыр. Ал қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері тіркелген үйде тұрмаса, оны қайтаруы тиіс екенін айтты.

"Осыған қатысты прокуратура өкілдерінің мәліметі бойынша Нұрбаев мемлекеттен алған пәтерін қайтаруы тиіс. Себебі, ол көрсетілген мекен-жайда тіркелген. Бірақ басқа жерде тұрып жатыр. Ал алған пәтерді бөтен біреулерге жалға беріп қойған. Ол келісім-шартты бұзды", - дейді Талдықорған қаласы тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің заңгері  Олжас Аллаберген.

Бүгінде пәтерге қатысты іс сотта қаралуда. Бірақ мемлекеттік бағдарламамен берілген үйді иесі тұрмаса қайтарылуы керектігін прокуратурадағылар да растап отыр. Олардың айтуынша, бұл тиісті келісім-шартта қарастырылған.

Тағы оқыңыздар: БҚО-да көлігімен адам қағып өлтірген депутаттың үстінен тағы да қылмыстық іс қозғалды

Айта кетейік, Талдықорғанда тұрғынүй-комуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері дәл осындай жағдаймен сотқа 25 шағым түсірген. Жергілікті билік берген баспанасынан айырылғандардың арасында 3 ұстазбен қатар дәрігерлер мен мемелекеттік қызметкерлер де бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1577434-akimninh-ozi-uzdik-ustazgha-syygha-ber.html