RU

Алматы облысында дүркіретіп той жасамақ болған ерлі-зайыптылар сотталып кете жаздады

Алматы облысы, Райымбек ауданы Көкбел селосында тұратын ерлі-зайыптылар бір жасқа толған қыздарының туған күнін жасау үшін ауылды тонаған деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Баукеспе жұбайлардан зардап шегушілердің сөзінше күдіктілер екі айда алты үйге түсіп, миллиондаған шығын әкелген.

«Шөп сатып алайық деп банктен 300 мың теңге несие алып, сандыққа тығып қойған едім. Егістікке барып келсек, үйді ақтарып, ақшаны алып кеткен. Мал шөпсіз, біз қаржысыз қалдық. Осындай жолмен басқа үйлердегі ақшадан басқа, алтын секілді құнды заттар жоғалды. Кейін аңдып жүріп, жігіттер 24 жастағы ауылдасымызды қылмыс үстінде ұстап алды», - дейді Көкбел селосының тұрғыны Жиенбай есімді ақсақал.

Көкбелдік азаматтар ұрыны қыспаққа алған кезде, күдікті бірден қылмысын мойындапты. Ерлі-зайыптылар бұл қылмысқа бір жасқа толған қыздарына дүркіретіп той жасағылары келгеннен соң барғандарын айтып ақталған.

Тағы оқыңыздар: Қазақстандағы құлдық: Америкалықтар Орталық Азия туралы фильм түсірді

«1993 жылы туылған Е. есімді жігіт былтыр алматылық қызды алып қашып келіп, үйленген еді. Ақшасы болмай құдасының алдына да бармаған, келіннің бетін ашып тойда жасамады. Артынша қызы туылды, оған шілдехана өткізбеді. Осы олқылықтарды жою үшін баланың бір жасына орай "Тұсау кесу" тойын дүркіретіп жасағысы келген. Ақша болмаған соң ауылды тонауды бастапты. Ол иесіз қалған үйлерді үптеп келіп, құнды заттарды әйеліне берген. Ал, жары алтын секілді бұйымдарды аудан, қалаға апарып болмашы сомаға сатып, ақша жинаған екен» деп ренжіді ауылдастары.

Аталған қылмыстық фактіні Алматы облыстық ішкі істер департаменті растады.

«Көкбел селосының екі тұрғынынан ғана арыз түсті. Артынша олар күдіктімен мәмілеге келіп, арыздарын қайтарып алған. Осыған байланысты қылмыстық іс тоқтатылды» делінген баспасөздің хабарламасында.

Алайда, шығынға батқан ауыл тұрғындары баукеспе көршілерін отбасылық жағдайына байланысты (жігіттің жастары 70-тен асқан сырқат кәрі әке-шешесі бар. Күдікті үйдегі жалғыз асыраушы) кешіргенімен шығындарын ешкім өтеп бермегінен айтты. Сондай-ақ, қайта талап-арыз түсіру үшін аудан орталығының алыстығы да кедергі келтіруде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1577715-almaty-oblysynda-durkiretip-toy-zhasa.html