RU

Президент әулетінің келінімін деген кейуана жанайқайын айтты

Өзін Назарбаевтың аталас бауырының әйелімін деп таныстырған Сара Исаева есімді кейуана NUR.KZ-тен көмек сұрады. Порталдың өңірдегі тілшісіне ағынан жарылған ақтөбелік тұрғын басынан өткерген қиын күндерін айтты.

"Күйеуім жағынан президенттің тумасы болып келемін. Оны көп айта бермеймін. Өзімде күйеуімнен қалған бір бөлмелі үй бар, балаларым баспанасыз. Президентке айтып шағымданған емеспін. Тұрмысқа шыққаныма 19 жыл болды. Қызымның төрт баласы бар. Ақтөбеде пәтер жағалап тұрмаған жері жоқ. Тапқан ақшасын жұрттың сарайы мен қорасына төлеп жүрді", - деп әңгімесін бастады Сара Исаева.

Кейуананың айтуынша, оның қайын атасы - президентті оқытқан ұстаз.

"Қайын атам президенттің әкесінің інісі болып келеді. Атам Сейітқан Исаев президентті оқытқан адам. Ол кісі ауылда Абай атындағы мектептің директоры болды. Біз 1981 жылы жолдасымның жұмысымен Ақтөбеге келдік. Осы жақта қалып қойдық. Алматыға барып ол кісіден баспана сұрауға батылымыз жетпеді. Осы жақтан үй кезегіне тұрдық. Кезегіміз 2005 жылы келсе де, үйді бермей тастады. Бірнеше жыл күттім, ызаландым.

Тағы оқыңыздар: Әкімнің өзі талдықорғандық «үздік ұстазға» сыйға берген пәтерді әкімдік тартып алды

2009 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының өзіне қоңырау шалдым. Ол кісінің телефонын атам берді. «Көп мазалама, бір рет қана хабарлас» деп ескертті.

Жеке телефонына хабарластым, өзі алды. Ол кісіге кезекпен келіп тұрған үйімді Ақтөбеде 2005 жылы жергілікті әкімдіктің бермей тастағанын айттым. Президент өтінішімді жауапты адамдарға тапсыратынын айтты", - дейді Сара Исаева.

Президентке соғылған қоңыраудан кейін жергілікті билік Исаеваны құжаты жоқ үйге кіргізген. Кейіннен Назарбаевтың туыстары қайтадан далада қалған.

"Ол кезде қала әкімі - Архимед Мұхамбетов. Ескі үйден бір бөлмелі пәтер берді. Есігі жоқ, іші қирап, жылу құбырлары жарылған, азып тұрған үй екен. Үйдің құжаты да жоқ. «Өзі бас тартты» деп хабар беріп жүрер дегенді ойлап, үйге кіріп алдық. 200 мың теңге қаражат салып, үйді реттедік. Бәрін болған кезде иесі қайтыс болған үйдің шетелге кеткен баласы табылып, сотқа беріп, бізден тартып алды. Қызым төрт баласымен тағы баспанасыз қалды", - дейді ол.

Кейуана тұрмыстың қиындығынан күйеу баласының қызын төрт баласымен тастап кеткенін де айтты.

"Берген үйлерінен қуып жіберген соң қызым төрт баласы, күйеуімен келіп менімен тұрды. Өзімнің балам бар. Бәріміз бір бөлмеде жатамыз. Сөйтіп жүргенімізде күйеу балам үйі бар келіншектің қолына кетті де қалды. Қызым төрт баласымен қалды. 11 жылдан бері сол әйелмен тұрады, одан екі баласы бар. Күн көру үшін өзім көше сыпырып, аула тазарттым. Подъезд жинаймын.

Арасында біреудің затын сатып жүрдім. Кейін бір бөлмелі үйді сатып, Украинаға кеткелі жатқан кемпірдің баспанасын алып қалдық", - дейді ол.

Кейуана қызына үй алып беру үшін бірнеше жыл әкімдіктің есігін тоздырған.

"Өткен жылы президентке хат жаздым. Азып тозып жүрген жағдайымды айтып, өз қаражатынан болса да, бір баспана беруін сұрадым. Ана үшін баласының қиналып жүргенін көру қиын. Ұзамай қоңырау соғылды. Президент әкімшілігінен екен. 2009 жылы президентпен тікелей байланысқа шыққанымды, мәселемнің әлі шешілмегенін айттым. Содан кейін президент әкімшілігінен, Сапарбаевтан хат келді", - деп еске алды Сара.

Тағы оқыңыздар:ОҚО-да тікұшақ бастаған той кортежіне қатысқандарды жаза күтіп тұр

Президент әкімшілігінен Ақтөбедегі туысына төрт ай қатарынан қоңырау соғылады.

"2017 жылдың 6 қаңтарында хабарласты. Олар әр айдың алтысында хабарласып тұрды. Сәуір айында тағы хабарласты. Ол кезде Ақтөбе суға кетіп, халық баспанасыз қалып жатты. 9 мамырда қалалық әкімдіктен қоңырау соғып,  «Қай балаңызға пәтер берейік, ұлыңызға ма, қызыңызға ма?" деп сұрады.

Қуанышымда шек болған жоқ. Қызыма Маресьев көшесіндегі жатақханадан пәтер берілді. Үйдің жағдайында мін жоқ. Тек балам әлі күнге дейін үйдің құжатын ала алмай отыр. Енді қазір ол үйден де қуып шықса, қалай болады деп алаңдап отырмыз. Әкімдіктегілерден жауап жоқ. Әр сұрақ сайын президентке шыға беру де ұят", - дейді елбасының туысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1577860-prezident-auletininh-kelinimin-degen.html