Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Желге ұшқан төрт млрд теңге: ОҚО-да құрттаған су ішіп отырған тұрғындар шу шығарды (видео)

Опубликовано:

Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекет қаржысына жүргізілген су құбырынан құрттаған су ішіп отырған тұрғындар шу шығарды. Жергілікті билікке шағым түсіргенімен бірнеше жылдан бері мәселе сағызша созылып келеді. Енді қараша халық жанайқайын елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жаяу барып жеткізбекші, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Шудың шығуына Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласында құрылысы осыдан жеті жыл бұрын басталған ауыз су жүйесі себеп болып отыр. Оған төрт млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған, алайда құрылыстың шарапатын халық көре алар емес. Ешбір сүзгіден өтпеген суды халық тұтынуға мәжбүр. Оны ішпек түгілі, иісінің өзі қолқаны алады дейді ашынған халық.

«Балшық та бар онда, ұлы сөздің ұяты жоқ, адамның қиы да бар. Ішіп отырған суымыздан балықтың иісі шығады. Сиырдың тезегінің исі шығады. Алып қойған шелегімізге өзіміз де жолай алмаймыз. Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Бізден кейінгі ұрпақтарымызға не болады? Нағыз туберкулез болатын су ішіп жатырмыз», - дейді тұрғын Тойгүл Байсейітова.

Талай есікке телміріп, амалы таусылған халық ел тұтқасын ұстайтын жас ұрпақ үшін алаңдаулы.

«Құдай берген бес-алты немерем бар, құрт су ішіп қырып алуым керек пе? Мен мынау ішімді ұстап өлейін деп жүрген адаммын. Мен баратын жердің бәріне барамын, осы ішімді ұстап немерелерім үшін Назарбаевтың алдына жаяу барамын. Олар құрт су ішкенше, солардың алдында құрбан болып менің өлгенім жақсы», - дейді тағы бір тұрғын Ұлжан Мырзахметқызы.

Тағы оқыңыздар: Ұятты жерлерін суретке түсірген танымал телеарна жүргізушісінің басы дауға қалды

Бір қызығы, тұрғындар таза ауыз су ішпей жатып, комиссия осыдан екі жыл бұрын жобаның құрылыс жұмысы аяқталды деп қабылдап алған. Ал «Леңгір су» мекемесі тайға таңба басқандай көрініп тұрған кемшілікті ескеріп, жобаны қабылдаудан бас тартқан. Есесіне халық лай су ішкені үшін ақы төлеп отырмыз дейді.

Айта кетейік, о баста жобаны қабылдап алған комиссия құрамында жергілікті шенеуніктер де бар. Мәселе ушыққан соң бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалыпты, ал құрылысты жүргізген мердігер компания бес жылдық кепілдік мерзімі бола тұра оның екі жылы өтіп кетсе де кемшілікті түгелімен түзетуге асығар емес. Мұны аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ділмұрат Кененбаев та растап отыр.

Айтуынша, екі жылдың ішінде жүргізіліп жатқан кемшіліктерді жою жұмыстары көзге көрінбейді. Халық мұңын жеткізіп, талай есікті қаққан аудандық мәслихат депутаты Әли Әмірәлиев болса, бұл шудың шығуына о баста түзілген жобаның талапқа сай болмауы себеп деп есептейді.

Депутаттың сөзіне сенсек, Леңгір қаласында мұндай шикі жоба жалғыз бұл емес, жетерлік. Халық қалаулысы болашақта халық лай суға да зар боп қалады деп кесіп айтты. Себебі күні бүгіннің өзінде құбырлардан ақау шығып, бірнеше күн ауыз су болмай қалып та жүр екен.

Бітпеген жоба комиссия тарапынан қабылданып кеткен кезде ауданға басшылық еткен Әуелхан Тұрғымбеков бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының басшысы қызметін атқарып келеді.

Журналистерден араша сұраған халық енді елбасыға үміт артып отыр. "Жолға кететін шығынды қалтамыз көтермейді" деген жамағат енді Ақордаға жаяу бармақшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1579195-oqo-da-qurttaghan-su-iship-otyrghan-turghy/

pixel