RU

"Жұмыссыз қалдық" деп арызданған 85 мұғалімнің өтірігі ашылып қалды

Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қайназар ауылының мұғалімдері NUR.KZ порталының редакциясына хабарласып көмек сұрады. Ұстаздардың сөзінше, ауылда 1200 орындық су жаңа мектеп салынып, жаңадан сайланған директор «команда» жинап жатыр-мыс. Салдарынан 85 мұғалім  «жұмыссыз қалдық» деп зар илеген болатын. Істің ақ-қарасын ажырату үшін аудандық білім басшысына хабарласқанымызда мәселе мүлдем басқаша болып шықты.

«Жаңа мектепке жаңа директор тағайындағанымыз рас. Себебі 1 млрд 260 миллион теңгеге салынған білім ошағын тап-тұйнақтай етіп ұстап, басқаруға тәжірибесі мол адам керек. Ақылдаса келе, бұл орынға 2015 жылы «Үздік мектеп директоры» атанған Салтанат Сұлубекованы лайықты деп таптық. Ал 85 мұғалімнің далада қалғаны бос сөз. Себебі мектеп әлі қолданысқа берілген жоқ.

Ішін-жуып шайып, оқу жылына дайындау үшін 30 тазалықшы ғана кіргізілді. Ал, жалпы, ол жерде әлі құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 85 мұғалім жұмысқа келем десе қуана қарсы алады. Себебі аталған елдімекенге әлі де 50 ұстаз жетіспейді. Алыс ауылға жұмысқа ешкім барғысы келмейді» ,- деді Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысы Лайляш Баширова.

Мұғалімдердің 95 пайызы Қарақалпақстаннан келгендер.

Жаңа директорды жақтырмай, шу шығарған ұстаздардың да себебі бар екен. Аудандық білім бөлімі басшысының таратқан мәліметіне сүйенсек, Қайназар ауылындағы ұстаздардың 95 пайызы Қарақалпақстаннан келген, білімдері орта санатта.

«85 мұғалім директорымыз болсын деп отырған Тұйғынай Кушенова 2010 жылы Т.Сәрсенбеков атындағы мектепте директор болған. Істеген ісіне риза болмаған ата-аналардың арызынан соң босатылып, Қайназар ауылындағы 9 жылдық орта мектепке директорлық қызметке ауыстырылған. Бұл мектепті де жетістіріп басқара алмады.

Ұстаздар болса жаңа директордың білімді, талапшыл екенін біліп қорыққандарынан өздерінің бұрынғы басшыларын ұсынып қоймайды. Бұл жерде мұғалім ғана емес, директорға да жұмыс бар. 2017 жылдың 30 мамырда Тұйғынай Кушеноваға Мәтібұлақ ауылындағы орта мектепке ауысатыны туралы жазбаша түрде хабарлама берілді. Бірақ ол келіспей, «өз командаммен Қайназардағы су жаңа мектепке барам» деп отыр. Жақсы директор болса шулатпай-ақ өз орнында қалдырмаймыз ба?! Бірақ ол жаңа білім ордасын басқара алмай, бәрін құртады», - деді білім бөлімінің басшысы.

Ұстаздардың ереуіліне аудан әкімдігінен бастап, жергілікті БАҚ-қа дейін назар салған. Шенеуніктердің сөзінше, 85 мұғалімнің шу шығаруына бұрынғы директорының да қатысы болуы мүмкін. Сондықтан да мұғалімдер мен ауыл азаматтары бас қосып бірнеше жиын жасап, жаңа директорды сайлау жұмысы кейінге шегерілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1579823-zhyly-ornynan-zhylzhyghysy-kelmegen-dire.html