RU

"Лайк" үшін бағанаға шығып, селфи жасамақ болған 15 жастағы бала тоққа түсіп қалды

Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют қаласында селфи жасау үшін электр бағанасына шыққан 9-сынып оқушысын құтқарушылар мен полицейлер дер кезінде түсіріп алды деп хабарлайды СҚО ІІД баспасөз қызметі.

Селфиге деген әуестіктен 15 жастағы жасөспірім мерт бола жаздады. Айрықша сурет жасап, көп "лайк" жинамақшы болған мектеп оқушысы ұялы телефонын алып, жоғары вольтты бағанаға шығады. Алайда қас қағым сәтте тоқ соққанын өзі де аңғармай қалған.

"Мамлют ауданының ІІБ кезекші бөліміне жасөспірімнің бағанада асылып тұрғаны жайлы хабарлама келіп түскен. Электр мамандары тез арада кернеуді ажыратып, құтқарушылар мен полицейлер мектеп оқушысын бағанадан түсіріп алды. Бала шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды. Қуанышқа қарай, бұл жағдай жасөспірім үшін күйік жарақатын алумен ғана аяқталды", — дейді Мамлют аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Серік Әлжанов.

Тағы оқыңыздар: 26 жастағы балалы әйел ашуға булығып ақтөбелік полицейдің бетін тырнап алды

Қазіргі уақытта оқушының өміріне ешқандай қауіп жоқ, денсаулығы қалыпты.

Дегенмен, өмірін қатерге тігіп түскен суреті телефонында сақталмапты.

"Жасөпірімдердің экстремалды селфимен әуестенуі үрей туғызады. Балалар биік ғимараттарда, судың жағасында және басқа да жерлерде түсірілген айрықша суретті көреді, бір қарағанда қауіп төндіретін жерлер емес сияқты. Бірақ олар бастапқыда қатарласып жүретін желдің екпінін, электр кернеуін, топырақтың опырылуын және тағы да осы секілді жағдайларды ескермейді. Ересектер балаларға селфимен әуестенудің қауіптілігін түсіндіруі қажет", — деп атап өтті полицейлер.

Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Әлемнің көптеген елінде моноподтарды пайдалануға арнайы тыйым салынғаны белгілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1582554-soltustik-qazaqstanda-selfi-zhasau-ush.html