RU

Ел есіндегі тойлар: Голливудтық қойылым, стриптиз, лесби қыздар

Той дегенде қазақстандықтар барын ғана шашпайды, тәртіп бұзып, тіпті қылмыс жасауға да барады. NUR.KZ порталы соңғы он жылда жергілікті жұрттың ғана емес, шетелдіктердің де жағасын ұстатып, көптің сынына қалған шулы тойлардың тізбегін ұсынады.

Ханзаданың тойы

Қазақстан президентінің немересі Айсұлтан Назарбаев пен еліміздегі 50 бай бизнесменнің бірі саналатын Қайрат Боранбаевтың қызы Әлиманың тойы елді тамсандырды.

2013 жылы 31 тамызда Алматыдағы Royal Tulip кешенінде дүркіретіп жасаған тойда елдің элитасы қонақ болып, шетелдік шоқ жұлдыздар ғана өнер көрсеткен. Атап айтар болсақ, америкалық рэпер Кэни Уэст (Kanye West) пен Бейонсе ән айтса, жастарды құттықтау үшін Грузияның вице-премьері Каха Каладзе де ат басын бұрған болатын. Кіл мықтылар асаба болып, қаланың басты көшелері жабылып, аста-төк дастарханмен өткен той әлі күнге дейін ел аузында.

Тағы оқыңыздар: Алматыға әкім болған екі жылда Бауыржан Байбек қандай іс тындырды?

Малайзиялық келін

2015 жылдың наурыз айында қазақстандық Данияр Кесікбаевтың Малайзия премьер-министрінің қызы Нурианна Наджвыға үйленуі де халық арасында үлкен резонанс туғызды. Жастар өз тойларын Алматыда және Малайзияда жасады.

Тойдың басты қонақтары сол кезде еліміздің премьер-министрі қызметін атқарған Кәрім Мәсімов пен Кеңес Рахышев, Тимур Құлыбаев сынды олигархтар мен Алматының экс әкімі Ахметжан Есімовтер болды. Алматыда өткен үйлену тойында театрланған қойылым көрсетіліп, малайзиялық келіннің беташары өтті. Алайда мерекені соңы қайғыға ұласты.

Келіннің төркінінде өткізілген тойдан шыққан алты VIP қонақ еліне қайтар жолда тікұшақ апатына ұшырап, қаза болды. Сондай-ақ, Нурианнаның анасына салынған «құдағи жүзік» Малайзияның жемқорлықпен күрес басқармасының назарына ілігіп, премьер-министрдің отбасында тексеру басталған еді.

Артынша құдағи Росман Мансор құны 6,5 миллион доллар тұратын гаухар тасты жүзікті «қазақстандық құдаларымның сыйы» деп әрең құтылды.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбелік дәрігерлер жүрек соғысы тоқтап, өлімді сезінген адамға жаңа өмір сыйлады (фото)

Бастықтың баласының тойы

Соңғы онжылдықтағы «Ең шулы той» ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басшысының экс орынбасары Бақытжан Балташевтың баласының үйлену тойы болды. 2015 жылы қазан айында еріккен бай балалары қымбат көлікпен серуенге шығып, жол ережесін бұзғаны былай тұрсын, қалада кептеліс жасап, Mercedes Gelandewagen машинасы бастаған бірнеше темір тұлпар Қонаев көшесінің бойымен қарама-қарсы бағытта жүрген.

Осылайша қызық қуған жігіттердің ерсі ісіне лауазымды шенеунік қызметімен жауап берді. Яғни, жастардың серуені әлеуметтік желіде тарап, жұрттың ашуын туғызған соң полиция полковнигі Бақытжан Балташев қызметінен өз еркімен кетті.

Бұл оқиға осымен біткен жоқ, артынша жол ережесін бұзған жүргізушілердің бәрі анықталып, бас аяғы 21 хаттама толтырылып, қыруар қаржы айыппұл да салынған. Араларында той кортежін бастап жүрген патрульдік полицей де бар. Ал төрт жүргізуші көлік айдау құқығынан бір жылға айрылды.

Тойдан соң түрмеге

Астаналықтардан қалыспаған алматылық жастар да араға апта салып әл-Фараби даңғылының бойымен ұзын сонар кептеліс туғызып, «Дрифт-шоу» ұйымдастырған. Яғни той кортежіндегілер көліктерімен трасса бойында билеп, қауіпті тюрктер жасағаны әуесқой бейнежазбалар арқылы тарап, халықтың қаһарына ұшырады.

Бұл той да әлеуметтік желіде резонанс тудырып, жол ережесін бұзғандар той бітісімен құрықталып, әр қайсысы 10 күнге түрмеге тоғытылды.

Қанды той

2015 жылдың қыркүйек айында ОҚО Манкент ауылында үйленген жастардың құрметіне қарудан отшашу ұйымдастырмақшы болған 19 жастағы жігіт 22 және 26 жастағы екі келіншекті атып өлтіріп, үш адам ауыр жарақатпен ауруханаға түскен еді.

Кейін күдікті қарудың атасынан қалғанын айтып ақталса, тәртіп сақшылары мылтықтың осыдан 65 жыл бұрын зауыттан шыққанын анықтаған. Үйленген досына тосынсый жасағысы келген азамат тойға да қатыса алмай қашып кетіп, кейін қамауға алынды. Сол жылы күдікті Ққылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) бойынша 15 жылға  сотталып кетті. Ал тойдағы қызыққа бола жеті бала жетім қалды.

Тағы оқыңыздар: Алматыда тоқтап қалған троллейбусты итерген "тоғыз әже" желіде жұлдыз болды (видео)

Бір жынысты неке

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бір жыныстылардың үйлену тойлары 2013 жылы Қарағандының қақ ортасында өтті.

Кәріс ұлтынан шыққан Каролина Кан (қалыңдық) мен жергілікті тұрғын Кристина Чернышева (жынысын ауыстырған - еркек әйел) отау құрып, тек қыздардан құралған қонақтарға дүркіретіп той жасады. Алайда қос ғашық елді шулатып үйленгендерімен некелерін заңды түрде қидыра алмады. Себебі елімізде бір жыныстылар некесі туралы заң жоқ. Лесби қыздардың тойы туралы жергілікті БАҚ жарыса жазғанымен, олардың бақыты ұзаққа бармады.

30 жастағы Каролина (шын есімі Александра) Ли бір жылдан соң өзінен 10 жас кіші күйеуін буындырып өлтіріп, артынша денесін бөлшектеп, өртеп жіберген. Сүйіктісін қатыгездікпен өлтірген кәріс қызы 13 жылға сотталып тынды.

Голливудтық туған күн

«Сыра патшасы» атанып, "елде төңкеріс жасамақ болды" деген айыппен сотталып кеткен Тоқтар Төлешов төрт әйелі өмірге әкелген 21 баласының туған күндерінің өзін голливудтық мереке етіп өткізген. Атақты бизнесмен қыздарының айтулы күндерін Шымкенттегі ойын-сауық орталықтарының бірінде жасап, шетелдік жұлдыздардың концертін қоюды әдетке айналдырған екен.

Сүйікті қызы Даниельдің туған күнінде жүз адамнан құралған топпен театрланған қойылым ұйымдастырып, бай әке сахнаға "Сақина әміршісі" киносындағы эльф патшасы Элрондтың образында шыққан.

Тіпті, қойылымдағы киімдердің өзін олар Америкадан арнайы алдыртқандары белгілі болды.

Туған күннің басты қонақтары ресейлік M-Band тобы мен атақты әнші Тимати Тоқтардың кіші қызымен бірге ән шырқаған.

Тағы оқыңыздар:  Әйгілі "МузАрт" тобын қонақ қылып, тойын дүркіретіп өткізген қырғыз әншісі кім?

Тойдағы стриптиз

Ең шулы тойлардың алғы шебіндегілердің бірі 2015 жылы өткен қазақ тойы. Себебі, мереке иесі қонақтарының құрметіне стриптизершы қыздарды шақырып, бейәдеп би кешін ұйымдастырған. Бұл жағдайды қонақтардың бірі ұялы телефонына түсіріп желіде таратып жіберді.

Видеоны көрген жұрт жағасын ұстап, қазақтың дәстүріне жат көріністі жасаған той иесін жазалауды талап етті. Алайда, жабулы қазан жабулы күйінде қалып, стриптиз билеген бойжеткен де, той иесі де табылмады.

Тікұшақты той кортежі

2017 жылдың тамыз айының басындағы полиция бастаған Шымкенттегі той кортежі жұрттың сөзіне қалды.

«Шымкент-Ташкент» тас жолындағы той кортежін тікұшақ бастап бара жатқан видео әлеуметтік желіде тарап, жұрттың пікірі екіге бөлінде. Бірі оларды бай баласының ермегі деп қызықса, енді бірі - жол ережесін бұзып, өзге жүргізушілерге кедергі жасады деп айыптады. Артынша тікұшақты жалға беретін компания басшылары мен азаматтық авиация комитетінің мамандары «тікұшақ ереже бұзбады» деп араша түсті.

Кейін белгілі болғандай жастар тікұшақты жарты сағатқа 550 мың теңге төлеп, бейне клип түсіру үшін жалға алған екен. Ал полиция тас жолдағы қымбат той кортежінің жүргізушілерін тауып жауапқа тартты.

<<< Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1583235-shetel-zhuldyzdary-tikushaq-atys-stript.html