RU

Ақтөбелік намазхан жігіттер мүгедек туысын кемсітіп, үйлерінен қуып шыққан (фото)

Ақтөбедегі мүгедектер мен қарттарға арналған жатақханада тұрып жатқан Орал Қосибекова өзінің қиын өмірі туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

«Әке-шешем өмірден озды. Екі балам да жасқа толмай шетінеп кетті. Жолдасым 25 жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған. Ата-енем қайтқанға дейін күйеуімнің туыстарымен бірге тұрдым.

Олар қайтыс болғаннан кейін келінім маған күн берген жоқ. Масыл болмайын деп базға барып мал бақтым. 1-2 ай сайын олардың үйіне соғып кетемін.

2014 жылдың қысында мал бағып жүріп, қолымды үсіріп алдым. Сол күні тұман болды. Атпен қой бағып кеткен болатынмын. Мені полиция төрт күннен кейін малмен бірге үсіп жатқан жерімнен тауып алған. Үсіктен екі қолымның саeсақтары да кесілді»,- дейді Орал есімді келіншек.

49 жастағы келіншек Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Кеңқияқ ауылында тұрған. Ол - ІІ топ мүгедегі.

Тағы оқыңыздар: Алматыда тоқтап қалған троллейбусты итерген "тоғыз әже" желіде жұлдыз болды (видео)

«Қазір Саркөлде туған ағамның балалары тұрады. Ағам қайтыс болғаннан кейін олар мені үйлеріне кіргізбей қаңғыртып жіберді. Ағамның үш баласы да намаз оқиды. Мені ешқайсысы үйіне жолатпайды. «Сен бізге жолама, сен керек емессің. Саусақтарың жоқ, кеміссің. Жұмыс жасай алмайсың» деп қуып шықты», - дейді ол.

Қыстың кезінде далада қалған келіншек әр жолаушыға жалынып қалаға әрең жеткен.

«Баратын жерім болмай қалды. Қалаға жету үшін де қатты қиналдым. Жолға ақшам болған жоқ. Жаяулап, әр көлікке жалынып жүріп қалаға келдім. Уақытша бейімдеу орталығында 1 жылдан аса тұрдым. Ол жақта мүгедектікке алатын жәрдемақыны рәсімдеп берді. 2016 жылдан бастап қарттар мен мүгедектерге арналған үйде тұрып жатырмын. Қазір Аллаға тек шүкіршілік айтып отырмын. Басымда баспана бар, тамағым тоқ», - дейді Орал Қосибекова.

<<< Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1583598-aqtobelik-namazkhan-zhigitter-mugedek.html