RU

Ұшақ апатынан қаза тапқан жас курсант әке болуға дайындалып жүрген

Бүгін Азаматтық авиация академиясына тиесілі шағын әуе кемесі Үшқоңыр елді мекенінде тұрғын үйден 10 метр жерде құлағаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Ішінде болған инструктор-ұшқыш пен курсант сол жерде қаза тапты. Олар ұшақтан шыға алмай тірідей жанып кеткен. Апатқа не себеп болғаны нақты белгісіз. Дегенмен, шағын ұшақ көтерілгенде құйынға тура келіп, аударылып кеткенін көргендер бар.

Себебі әуе кемесі құлаған жер мен тұрғын үйлердің арасы 10 метрден аспайды. Жұрт бірден апат орнына жетіп, көмек көрсетуге тырысқан да екен. Бірақ биіктен құлдилаған әуе кемесі бірден өртеніп, ешкім жақындай алмапты. Осы сәттің барлығын куәгерлердің бірі ұялы телефонына түсіріп алған.

Тағы оқыңыздар: Біреу жамандаса құлақ шыңылдайтыны рас па?

Өрт сөндірушілер отты тез арада сөндірсе, полицейлер мен құрамында Азаматтық авиация академиясының өкілдері бар арнайы комиссияны ұзақ күтуге тура келді. Олар оқиға орнына түске таяу ғана жетті. Ал куәгерлер сол сәтте кенет желдің көтерілгенін айтуда.

"Қатты жел бірнеше секундтта ұшақты төңкеріп жіберді. Жел күшті болғанымен бұл маңда мұндай оқиға болған емес. Бір тылсым құбылыс сияқты", - дейді ауыл тұрғыны.

Ұшақ ішінде 40 жастағы инструктор-ұшқыш Сергей Курченко және 21 жастағы Айдар Әбішев болған. Курченконың Украина азаматы екені анықталды.

Ал Азаматтық авиация академиясының 4-ші курс студенті ұшқыштар әулетінен шыққан екен.

Тағы оқыңыздар: Әблязовтың сыбайласы Қазақстанға өзі келді

Атасы Мақаш Әбішев Қазақстанның еңбек сіңірген ұшқышы, әжесі бортсерік болса, әкесі әлі де пилот қызметінде. Атасы қаралы хабарды сол жерде естіді.

Марқұм курсант жуырда әке атануы керек болған екен. Артында қалған жесірі авиация саласының маманы.

Жергілікті тұрғындар мұнда ұшақтардың күнделікті таңғы сағат алты жарымнан бастап ұшатынын айтуда. Тіпті электр тоқтары мен үйлердің жақын орналасуы оларға кедергі емес екен.

Бір қызығы, болашақ ұшқыштарды дайындайтын «Азем» аэродромының ұшу алаңы жеке қолдағы ипподромның ортасында орналасқан. Ал атқамінерлер қазірше құрғақ жауап қайтаруда.

Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Ал сұмдық оқиғадан шошып қалған тұрғындар өз-өзіне келе алмай отыр. Адамдардың ба, үйдің бе үстіне құласа, не болар еді дейді олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1584283-ushaq-apatynan-qaza-tapqan-kursant-ake.html