RU

Астанада грантқа іліге алмаған түлектердің ата-анасы Білім министрлігіне басып кірмек болды

Астанада жүзге тарта ата-ана Білім министрлігіне басып кірмек болды. Бұндай наразылыққа ҰБТ-дан жоғары бал алған балаларының оқу грантынан қағылуы себеп. Ашуға мінген әке-шеше сөзі мен ісі кері шыққан министр Ерлан Сағадиевті көргілері келді. Бірақ бас мұғалім бұл жолы да халықпен тілдесуге шығудан бас тартты деп хабарлайды КТК арнасы.

Айгүл Жұмабаева ҰБТ тапсыруға оқуының соңғы бірнеше жылын арнапты. Кейін мемлекеттің тегін оқуына түсемін деп, ата-анасының талай ақшасын да дайындық курстарына жұмсаған. Шешуші емтиханда 95 пайыз білім деңгейін көрсеткен оның, кеше талай жылғы арманы желге ұшты.

"Экономикадан 72 баллмен грантқа түсіп отыр, мен 131 баллмен түспей қалдым. Соған қатты таң қалып отырмын. Мен негізінен Сүлейман Демирел университетіне түскім келген еді. Онда оқу бір миллион 200 мыңдай. Енді оған түсе алмаймын, қалаған мамандығыммен мүлдем ешқайда бармайтын шығармын", - дейді талапкер Айгүл Жұмабаева.

Тағы оқыңыздар: Екі миллион теңге парамен ұсталған "Қазақавтожолдың" басшысы абақтыдан босап шықты

Талапкердің түңілердей жөні бар. Себебі оның мамандығына бөлінген 300-ден астам гранттың соңғысын бақытты біреу 72 баллмен иеленіпті. Себебі ол «Алтын белгі» иегері. Ал ҰБТ алдында, министрлік грант бөлуде «алтын белгі» бұрынғыдай құнды болмайды, кім қанша ұпай алады сол грантты иеленеді деп уәде еткен болатын.

"Алтын белгі" тек қана мектепте беріледі. Ал грантқа келгенде әрбір бала өзі қаншаға тапсырады сол баллға ғана грант береміз", - дейді Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.

"Түнімен жылап шықтым. Менің әке-шешемде жылына бір миллион теңге төлейтін ақшасы жоқ. Әділетсіздік барып тұрған", - дейді білім грантына іліне алмай қалған түлек.

125 балл алып, құр қалған бұл баланың миллиондарды қайдан табатынын тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов білмейді. Ал гранттарды үлестіргендердің бел ортасында осы азамат болған. Сөз таппаған басшы қашып қана құтылды.

"Халықтан қашып жауап бермейтін болса, босатсын орынды!", - дейді ашынған ата-ана

Тестілеу орталығы директорының орнына ашынған халық алдында министрліктің заңгері ақталуға тырысты. Яғни "Алтын белгі" иегерлеріне берілетін жеңілдікті алып тастайтын заңды уақытылы қабылдамай алмаған.

"Білім" туралы заң жобасын біз барлық мемлекеттік органдармен талқыладық. Ақпан, наурызда заң жобасын тиянақтап, сәуірде үкіметтің қаулысына сәйкес мәжіліске енгіздік. Заңды қыркүйекке дейін қабылдаймыз деп ойладық. Алайда қабылданбады, әлі күнге мәжілісте жатыр. Бар проблема осында, түсінісіз бе?", - дейді БҒМ заң департаментінің қызметкері Ғалымжан Жұмашов.

Яғни, заң қабылданбағандықтан гранттар ескіше, бірінші кезекте «Алтын белгі» иегерлеріне берілді. Ал бұл төсбелгілер болса, биыл тест қортындылары бойынша емес, жаңаша, оқыған мектептерінде қорғалды. Алтыны бар біреудің тесттің шекті межесі 70-тен әрең асып, грантқа түсіп, ерек белгісіз біреудің 131 баллмен далада қалуы да сондықтан.

Тағы оқыңыздар: Концерттегі шу: Төреғали мен Еркенің фанаттары Ақтөбе сахнасын басып алды (фото, видео)

Министрлік ҰБТ-ны шала реформалап, жүрісінен жаңылғанын ата-аналар түсінсе де, қабылдағысы жоқ. Сондықтан министрдің өзін көргіміз келеді деп, ғимаратқа топырлай бас қойды.

Еске сала кетейік, кеше әділдік іздеп шырылдаған ата-ана еліміздің барлық өңірінен NUR.KZ редакциясына хабарласып өздерінің жанайқайын айтқан еді.

Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1585490-astanada-grantqa-ilige-almaghan-tulek.html