RU

Балабақшадағы сұмдық: Ақтөбелік ата-аналар шу шығарды (фото, видео)

Ақтөбе қаласы Заречный елді-мекеніндегі «Құлыным» мемлекеттік-жеке бақшасында жағдай мәз емес. Балалар жерде ұйықтап, ашқұрсақ жүреді. Оған қоса, бүлдіршіндер бүргеге таланып жүр деп хабарлайды Baq.kz.

«Құлыным» бақшасында бүлдіршіндер жерге ұйықтап, бүргеге таланып жүр. Соның салдарынан ішек ауруларымен ауыратын балалар көбейген. Таңғы, түскі астың көлемі белгіленген нормадан кем. Сұйық тамақтардың ішінде сүйек қалдықтары болса, күріш, қарақұмықтар мүлдем тазартылмайды. Бұл Заречный елді-мекені «Мағалджан» тұрғын алабындағы «Құлыным» бала бақшасындағы жағдай. Бұған бала бақша тәрбиешілерінің ата-аналарға жіберген суреттері дәлел. Ата-аналардың айтуынша, балалары үйіне аш келеді. Оған қоса үстінен дым жоқ. Бүргеге таланған бүлдіршіндер қазір бақшаға келмей жүр.

Тағы оқыңыздар: Танымал саясаттанушы: Ішкі істер министрі өз еркімен отставкаға кету керек

«Балаларымыз жерде жатады екен. Төсек жетпейді. Бала аз келген уақытта ғана бір-бірінің төсектеріне жатады. Төсек-орын жуылмайды. Қазір тек тәрбиешілер ғана жұмыс жасайды. Бала күтуші мүлдем жоқ. Күзетші, аспазшы барлығы басшының туысы. Ас мәзірі дұрыс құрылмаған. Балам үнемі аш келеді. Мемлекеттен ақша бөлінген соң жоғарыдан да бақылау болуы керек қой. Баламызды апаратын бақша болмаған соң келіп жүрміз. Жиі ауырып қалады. Ішек ауруларымен ауыратын бүлдіршіндер көбейді», - дейді Әйкерім Шағанбаева.

«Талапқа сай аулада балалар ойнайтын алаң да жоқ болды. Шу шығарамыз деген соң бүгін түнде әкеліп қойыпты. Бір жылдан бері осында қызымды әкеліп жүрмін. Тәрбиеленушілеріне еш өкпем жоқ. Басшылығы дұрыс емес. Санитарлық талаптарға да сай келмейді ғимарат. Себебі, балаларымыз бүргеге таланып қалды. Қабырғада құрт-құмырсқалар жүреді. Суреттерді бізге тәрбиешілер жіберді», - дейді Гауһар Есжанова.

Тілшілер мен шағымданған ата-аналарға бақша басшылығы есік ашпады. Есесіне, іштегілер сырттағыларды терезеден бақылап отырды. Журналистер оқиға орнынан кеткеннен кейін шу шыққан. Іштегі тәрбиешілердің жылағанын көрген ата-аналар есікті бұзып кіріпті. Сол мезетте Елена Саванявичус есімді анаға ғимарат ішіндегі белгісіз ер адам қол көтерген. Ал, жүкті тәрбиешіге де бақша басшысы Римма Алдоңғарова қысым жасапты.

«Болған жағдайға байланысты «Құлыным» жеке бала бақшасына ата-аналар шағымданып жатыр. Бұл бақша 2016 жылдың қазанында мемлекеттік тапсырыс негізінде ашылды. 100 орындық бақша мемлекеттік жеке бала бақша ретінде тіркелді. Ата-аналар қалалық білім бөлімі басшысының қабылдауында болды. Мәселені бейжай қалдырмаймыз. Жауапты мекемелер мен құзырлы органдарға хабарласып, шұғыл түрде хат жіберіп, комиссия құрылады. Тиісті зерттеулер жасалынып, құзырлы мекемелердің ықпалымен мәселе шешіледі. Бақылауға аламыз», - деді Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлжанат Сейсенбина.

Тағы оқыңыздар: Алматыда жас жігіт қызылға өткен жаяу жүргіншіні қағып өлтірді

Жағдай жауапты мамандардың бақылауына алынды. Ал, бақша басшыларынан жәбір көрген тәрбиешілермен ата-аналар тәртіп сақшыларына шағымданды.

Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1585741-balabaqshadaghy-sumdyq-aqtobelik-ata.html