RU

Үш жасында тастап кеткен әкесін қарттар үйінен тапқан ақтөбелік жігіттің хикаясы елді жылатты

Ақтөбеде 60 жастан асқан қария жас күнінде жасаған қателігі үшін өзін жазалап, баласына бармай, қарттар үйінде тұрып жатыр. Ол балалары кішкентай кезінде оларды бақпай, үйінен кетіп қалған деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

«Бізде бір үлкен кісі бар. Намаз оқи алмайды, жылда ораза ұстайды. Көзі көріңкіремейді. Кезінде екі баласын 3 және 1 жастарында тастап кеткен. Содан кейін баласын іздеп бармаған, мүлде көрмеген. Сол кісіні бізге баласының өзі іздеп келді. Намаз оқитын жігіт екен. Бізбен келіп сөйлесіп, әкесін алып кеткісі келетінін айтты.

«Қалай болғанда да әкем. Оның менімен бірге тұрғанын қалаймын» деп алып кету үшін біраз жүгірді. Бірақ, әкесінің өзі бармай қалды.

«Мен саған тәрбие берген емеспін. Көмектеспедім, саған баратын бетім жоқ. Кезінде сендерден безген едім. Не болса да осы жерде боламын. Қонаққа шақырсаң ғана үйіңе барамын» деп қалды.

Оның баласының әрекетіне риза боласың. Әкесіне жиі келеді», -дейді Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектерге арналған интернаттың әлеуметтік жұмыс жөніндегі директор орынбасары Сән Нұрышева.

Тағы оқыңыздар: Желіде "Қазақтар" командасының Назарбаевпен түскен "жылдың үздік суреті" жарияланды

Қария интернат қызметкерлеріне балаларына жасаған өз әрекеті үшін өкінетінін айтқан. Ол жыл сайын ораза ұстап, дұға жасайды.

«Ол кісінің сөзі түзу. Өзімен өзі жүреді. «Кезінде жасаған қателігіме әттең-ай деп өкінемін. Уақытты кейін қайтара алмаймын. Әйтпегенде балаларымды тастамас едім» деп қиналып бізге әңгімесін айтады», - дейді Сән Нұрышева.

Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі уақытта қария баласына қонаққа барып, немерелерін көріп тұрады.

Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1586283-aqtobede-ush-zhasynda-tastap-ketken-bal.html