RU

Атыраулық полицей сабаған жетім жігіт министр Қасымовтан араша сұрады (фото, видео)

Полицияның ерсі әрекеттері ғаламтор бетінде жарқ еткелі бері, «тәртіп сақшыларына зардап шектім» деп шағымданушылардың қатары көбейді. Соның бірі Атырау облысы Құрманғазы ауданы Теңіз селосының тұрғыны Біржан Бисалиев NUR.KZ порталына хабарласып, өзінің көрген қорлығын айтып берді.

«27 шілде күні көшеде ауылдық учаскелік инспектор Дархан Аманғалиев көлігімен жаныма келіп «әңгіме бар, көлікке отыршы» деді. Ойымда еш жамандық жоқ, машинасына отырып ағасының үйіне бардық. Сол жерден ол туыс бауырын салып алды да, үшеуміз Теңіз селосының сыртына шығып кеттік. Ауылдан алшақтаған соң инспектор Дархан мені көліктен шығарып ала сала тепкілей бастады.

«Мен не істеп қойдым? Неге ұрасыңдар?» деп сұрасам, «сен менің қызметтік куәлігімді бермей жүрсің» деп жауап берді. Осыдан соң ағасы да қосылып, екеуі мені жерге жатқызып қойып, басымнан тебе берді», - дейді құқық қорғаушыдан әбден таяқ жеген азамат.

Тағы оқыңыздар: Жамбыл облысында шекарашылардың қолынан қаза тапқан жігіт мал айдап өтпек болған

Тәртіп сақшысы ағасымен бірге ауыл азаматын 30 минутқа жуық сабап, қалтасын тінтіп, түк таппаған соң айдалаға тастап кеткен. Үстінің сау-тамтығы қалмаған тұрғын итшілеп жүріп, ауылға әрең жетіп, үйіне келген соң есінен танып қалған. Ес-түссіз қалған Біржанды достары бірден ауруханаға апарыпты.

Дәрігерлердің шығарған қорытындысына сәйкес 25 жастағы жетім жігіттың миы шайқалып, бас сүйегі шытынаған, көзінің қатты жарақатталуы салдарынан, қылилық пайда болған.

«Басым әлі күнге дейін сырқырап ауырады. Дәрігерлер қан ұйып қалғандықтан, бас ауруы бес жылға дейін болып тұратынын айтты. Ал сол көзім соққы салдарынан көрмей қалып, ісігі енді қайтып келеді. Өзім жұмыссызбын. Қарызға ақша алып дәрі сатып алып емделіп жатырмын», - дейді зардап шегуші.

Ауылда концерт қойған мас инспектор

Біржанның сөзінше оқиға болардан үш күн бұрып учаскелік инспектор ауыл ішінде ес-түсін білмей мас болып, әр нәрсеге бір тиісіп жүргенін жергілікті жұрт түгелдей көрген.

Құқық қорғаушы осы күні қызметтік куәлігін жоғалтып, соны іздеудің оңай жолы ретінде ауыл тұрғынын сабауды жөн санапты.

Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Полицейге тағайындалған жазаның қандай болатыны сот шешімімен кейін белгілі болмақ.

Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1586624-atyraulyq-policey-sabaghan-zhetim-zhigi.html