RU

Ақтөбелік жастар күркеде тұрып жатқан отбасына қуаныш сыйлады (фото)

Ақтөбеде көктемде болған су тасқанынан зардап шеккендер әлі күнге естерін жинай алмай жүр. Баспаналарын су шайып кеткен отбасыларға жергілікті әкімдік жер телімдерін берген болатын. Қала айналасындағы ауылдық округтерде құрылыс жұмыстарын бастап кеткен отбасылар күзге дейін баспаналарын бітіре алмаймыз ба деп алаңдайды.

Ақтөбелік ерікті жастардан құралған топ осындай бір отбасына қуаныш сыйлады деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

«Демалыс күндері Ырғыз ауданының жастары келіп көмектесті. Туыстарым қол көмегін беріп, үлгермей қалған жерлерім бар еді. Жастар келіп, құрылыс материалдары біткенше үйді көтеріп тастадық. Төбені жабуға ақшам жетпей қалды. Өзім балаларыммен құрылыстың басында тұрып жатырмын. Ағаштан күрке салып алдым. Жағдай қиын, қол ұшын беремін деген адамдар келсе көңіліміз көтеріледі», - дейді Шайдолла Нұржігітов.

Тағы оқыңыздар: Атырауда параға 300 қап сиыр тезегін сұраған әкімнің масқарасы шықты

Көп балалы отбасы осыған дейін саяжай аумағындағы Қисық өзенінің бойында тұрған. Су басқан үйі құлаған көп балалалы отбасы әкімдік берген жерге үй салып жанталасып жатыр. Қаражат қолбайлау болып, отбасы баспаналарына кіре алмай қалуы мүмкін. Отбасында бес бала бар. Үйдің кішісі тоғыз айлық.

«Үйдің төбесін жаба алмай отырмын. Оған ақша жоқ. Күз келді. Әкімшіліктің берген 100 мың теңгесін үйдің құрылысына жұмсадым. Келіншегім баламен отыр. Үйде жалғыз өзім ғана жұмыс істеймін. Жастар қолдарынан келген көмекті жасап жатыр. Оларға алғысым шексіз», - дейді Шайдолла Нұржігітов.

Сонымен қатар Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының жастары қаржы жинап, отбасыға тұрмыстық техника сыйлаған.

Тағы оқыңыздар: Жамбыл облысында шекарашылардың қолынан қаза тапқан жігіт мал айдап өтпек болған

Жастар Ақтөбе қаласында ұйымдастырылып жатқан Ырғыз ауданының күндеріне қарсы бірнеше қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде қарттар үйі де бар.

Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1587584-aqtobelik-zhastar-kurkede-turyp-zhatqa.html