RU

Павлодар облысында құбыр жүргізіп жатқан жұмысшылар адам сүйектерін тауып алған

Павлодар облысында жұрт жаңадан салынып жатқан құдық суын ішуге бата алмай отыр. Бұған - елді мекен көшелерінің бірінде табылған ескі қорым себеп.

Мыңнан аса халқы бар Ямышев ауылында биыл су құбырларын тарта бастаған жұмысшылар топырақ арасынан адам сүйектерін тапқан. Жұмысты тоқтатпаған олар қаңқаларды сол жерге тастап, үстінен құбыр тартуды жалғастыра беріпті. Мұны байқаған ауылдықтар енді марқұмдардың өліміне нақты ненің себеп болғанын білмейінше тіршілік нәрін пайдаланбаймыз дейді.

"Экскаватор адамның бас сүйегін сыртқа лақтырып жіберді. Бірнеше метр тереңдіктен шыққан онда шаш барын көргенде әйел адамға тиесілі екеніне көз жеткіздім. Бала кезімде әкемнің осы маңда ескі қорым бар дегеніне сенбеуші едім. Жұмысшыларға арнайы мамандарды шақырту керек деп едім, құлақ аспады", - дейді Ямышев ауылының тұрғыны Виталий Чибисов.

Тағы оқыңыздар: Астанада ЭКСПО көрмесі қар түскенше жалғасуы мүмкін

Үйінің түбінде адам сүйектері жатқанын естігендер болса, мазалары әбден қашқан соң білгендерін істепті.

Үрейленген жұрт мұнда арнайы діни рәсімді де жасаған. Ол үшін мәйіттер табылған көше бойына сүт пен арақты түгел төгіп шыққан. Бұл өз кезегінде өлілердің тірілерден кек алмауы үшін жасалатын ырымы көрінеді.

Ал биыл ауыз суға жетеміз деп қуанған жұрт бұл жайттан соң тіршілік нәрін ішу түгілі тұрмыста пайдаланудан қорқып қалған. Өйткені мұнда көмілген қаңқалардың нақты қай кезеңге тиесілі екенін ешкім білмейді. Десе де, мұнда шіркеу мен ескі қорымның болғанын естігендер жоқ емес.

Бұл жағдайдан ауыл әкімдігіндегілер де құлағдар. Жұртты сабырға шақырған олар жақын арада қаңқалар түгел зерттеледі деп сендірді.

Ал археологтар келіп жеткенше ауыл иттері көмілмей қалған адам сүйектерін әр жерге тасып, мүжіп жүр. Үрейленген тұрғындар болса, арнайы зерттеу жүргізілмейінше құдықтан су ішпейміз деп бекініп отыр.

Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1588898-pavlodar-oblysynda-qubyr-zhurgizip-zha.html