RU

Министр Қалмұхамбет Қасымов пышақтасқан полицейлер туралы жақ ашпады

Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов Жамбыл облысындағы полиция басшыларының бір-бірін пышақтағанына қатысты журналистерге пікір беруден бас тартты деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігі.

Азаттық тілшісінің сауалына жауап бергісі келмеген министр "Ресми сауалнама жолдаңыздар" деп құтылды.

Бүгін Астанада өткен үкімет отырысынан соң журналистер министр Қасымовтан Жамбыл облысындағы полицейлердің пышақтасқанына және Павлодар облысындағы полицейлердің топ адамды соққыға жығып жатқаны туралы видеоға қатысты пікір беруді сұрамақ болған. Бірақ Қасымов "ресми сауалнама жолдаңыздар" деп қысқа ғана қайырып, комментарий берместен кетіп қалды.

Тағы оқыңыздар: Павлодар облысында құбыр жүргізіп жатқан жұмысшылар адам сүйектерін тауып алған

Естеріңізге сала кетсек, 10 тамыз күні түнде Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті терроризмге қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Мұрат Үмбетәлиев департаменттің криминалдық полиция басқармасының бастығы Ерлан Бектұрғанов пен бұрынғы полиция қызметкері Жетпісбаевқа пышақ салып, жарақаттағаны хабарланған.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, полицейлер бірігіп ішімдік ішкен соң кикілжіңге келіп, соңы жанжалға ұласқан. Екі полицей пышақтан жарақат алды.

Оқиғадан соң "кісі өлтіруге оқталу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, Бектұрғанов қамауға алынған, ал Үмбетәлиевке іздеу жарияланды.

Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1588920-ministr-qalmukhambet-qasymov-pyshaqta.html