RU

Алматылық актер ақылынан адасқан анасын бағу үшін тоғайда тұрып жатыр (фото, видео)

Алматының Медеу ауданының тұрғыны Гүлмира Сабыржанова мен ұлы Әлімхан Танжанов қала сыртындағы тоғайда өмір сүруге мәжбүр. Анасы мен ұлының ағашты пана етіп, қаңғып жүргеніне бір аптадан асқан. Пәтерақы төлеуге қаржысы болмаған отбасыны үй иесі қуып шыққан деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

«Біз бұрын өте жақсы тұрғанбыз. Мен дарынды балаларған арналған музыкалық мектепте оқып, қысқа метражды кинода басты рөлді сомдағанмын.

Анамды 2012 жылы біреулер тонап, басынан ұрып кеткен соң, есі ауып қалды. Содан бері айтқан сөзін ұмытып қалатын жүйке ауруына шалдықты. Өзім Алматыдағы колледждің бірінде программист мамандығына грантқа түскеніммен, отбасы жағдайыма байланысты екінші курстан тастап кеттім. «Әке-шешең жынды болса байлап бақ» дейді ғой.

Тағы оқыңыздарАстаналық турфирма клиенттердің 10 миллион теңгесін қолды қылған

Анам дені сау кезінде бізді арқалап жүріп жеткізді, енді оны «ауру екен» деп тастап кете алмай, осындай халге жеттік. Жұмысқа тұрып, аз-маз ақша тауып, пәтер жалдап тұрдық. Қысқартуға ұшырап, қаржы таппағаннан кейін үй иесі пәтерінен қуып жіберді», - дейді Әлімхан Танжанов.

Әлімханның сөзінше, артынан ерген кіші інісін отбасылық жағдайына байланысты «Перзент» балалар үйіне өз қолымен өткізген.

«2010 жылы туған Әлімжан деген інім бар. Туа бітті жүрегінде ақау пайда болды. Оған дәрі алмақ түгіл тамаққа ақша таппайтын күніміз көбейген соң амал жоқтан балалар үйіне өткіздім. Әлімжанды көрмегелі де біраз уақыт өтті. Іздеп барсам тәрбиешілер: "ініңді алып кет, ауру, бәлеге қалғымыз келмейді" дейді.

Мұнда бізбен жүрсе өліп қалады ғой. Балалар үйінде ең болмағанда тамағы тоқ. Біздің ыстық тамақ жемегенімізге бір айдан асып кеткен шығар. Ел- жұрттың берген нанын жеп, қара су ішіп күн көріп жатырмыз», - дейді жас жігіт.

Мен жұмыстан қашпаймын

Әлімхан күндіз көлік жуып, түнделетіп күзетші болып та жұмыс атқарған. «Жұмыстан қашпаймын» деген жігіт анасын қалдыратын жер таппай қолының байлаулы болғанын алға тартты.

«Пәтерде тұрсақ үй иелері маза бермейді Шешең жынды, көзін құрт деп. Алматыдағы барлық ауруханаға қараттым, әкімдіктің табалдырығын тоздырдым ешкім ауру анамды қабылдамайды. Анда бар, мында бар деп бос сенделтіп қойды. Үй мен жер кезегінде тұрмын.

Тіпті, анама жәрдемақы да алмаймыз. Себебі, барлық құжатын ұрлап кетіп, қалпына келтіру үшін Ақтөбеге бару керек деді. Оған қаржы қайдан? Мен жалғыз болсам сұранып әскерге кетсем де өлмеймін. Анама обал. Әкімдік кішкене жер берсе, батпақтан болсын үй соғып, інімді де қолыма алар едім. Баспананың жоқтығынан осындай қалге жеттік. Біраз болды жуынбағанымызға. Түріме қарап ешкім жұмысқа алғысы да келмейді", - деп жылап жіберді Әлімхан.

Тағы оқыңыздар: Кулагинның ұлы Алматыда аудан әкімі болып тағайындалды

Ауру әйел өзінің ісініп кеткен бет аузын көрсетіп, «дәрі беріңдерші басым ауырып тұр» деумен болды.

Гүлмира Сабыржанованың күйеуі осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейге жұмысқа кеткен. Содан бері хабар жоқ. 

Азып-тозып кеткен отбасы билік өкілдерінен бос сөз, құрғақ уәде емес аналарын ауруханаға жатқызып, көмектессе деп отыр.

Егер бұл отбасына көмек қолын созам десеңіз мына нөмірге хабарласаңыз: 8707-327-32-06

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1589353-almatylyq-nauqas-ayel-erzhetken-ulyme.html