RU

Желі қолданушысын "мәңгүрт" деп атаған жергілікті депутаттың басы дауға қалды

Петропавл қалалық мәслихаты депутатының басы дауға қалды. Желідегі шу жергілікті әкімдіктің тың игерушілерге арналған ескерткішті қайта жөндеу туралы ақпаратын жариялаған соң өріс алған. Мәслихат депутаты осы жазбаға қатысты пікірінде басқа желі қолданушысын мәңгүрт деп атады деп хабарлайды NUR.KZ.

Әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта тұрғындарды тың игерушілерге арналған ескерткіштің уақытша орнынан алынатыны ескертілген.

"Астана-Петропавл автокөлік жолын қайта жөндеуден өткізу жобасын іске асыруда жолды кеңейтіп, оның маңындағы аумақты абаттандыруға байланысты тың игерушілер ескерткішін ретке келтіру үшін оны уақытша орнынан ала тұру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр", - деп жазады олар.

Бұл жазба желіде дау туғызды. Timur Abdiresh есімді желі қолданушысы бұл ескерткіштердің ешқандай тарихи ескерткіштер тізімінде жоқ екенін алға тартып, одан трагедия жасамаған жөн екенін жеткізген.

"Бұл тракторға бола үлкен трагедия жасаудың қажеті қанша? Алып тастады, егер қайта орнына қоймаса ештеңе етпейді. Ол тарихи ескерткіштер тізімінде жоқ қой", - деп жазады ол жазбаның астына.

Бұл пікірге тағы бір желі қолданушысы қосылыпты.

"Айтпаңыз, бұл - бекерге бас ауыртқанмен тең", - деп жазады ол.

Бұл пікірге желіде Павел Афанасьев есімімен тіркелген қолданушы келіспей, алдыңғы пікір жазғандарды мәңгүрт деп атады.

"Сендер үшін, яғни, мәңгүрттер үшін бұл ескерткіштің ешқандай мәні жоқ, ал оның алғаш тың игергендер мен қоныс аударып келгендер үшін қандай маңызы болса, олар көтеріп кеткен Қазақстан экономикасына да сондай мәні бар", - дейді Павел Афанасьев.

Артынша Тимур Әбдіреш бұл пікірді өз парақшасына орналастырып, көпшіліктің назарына ұсынды. Жалпақ жұрт мәслихат депутатының аузынан шыққан "мәңгүрт"сөзін ұлтаралық алауыздық тудырды деп бағалап отыр.

Ал Павел Афанасьев оның астарынан ешқандай ұлтараздық дау тудыратын мағына іздемеуді сұрады. Оның түсінігінше, "мәңгүрт" сөзі тарихи жадынан айырылғандар. Ал дәл осы жағдайда мәңгүрт деп ескерткіш ретінде саналған тракторды орнынан алып тастағандарды атағанын айтады.

gormaslihat.sko.kz сайтында Павел Афанасьев - Петропавл қалалық мәслихатының депутаттары қатарында тұр.

Ол көп жылдар бойы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушылық қызмет атқарып келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1589751-petropavlda-maslikhat-deputaty-zheli-q.html