RU

Ақтөбеде алты баласы бар ер адам 10 жылдан бері қарттар үйінде тұрып жатыр (фото)

Ақтөбеде әйелі мен алты баласы бар І топ мүгедегі  қарттар үйінде тұрып жатыр. 63 жастағы Алмас Шыналиевті тәртіп сақшылары "бомж болып", көше кезіп жүрген жерінен әлеуметтік бейімдеу орталығына әкелген деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Алты баласы бар қария әйелі мен балаларына зейнетақысын беріп, көмектесіп тұратынын айтады.

«Жағдайым жақсы, осында тұрғаныма да, арбаға отырғаныма да он жылдан асты. Балаларым, әйелім бар. Балаларымның бәрінің де үйі бар. Кіші баламның өзі 30-ға жақындап қалды. Әйелім балалардың қолында тұрады. Кірпішті ауылында немерелерін бағып отыр. Әйеліммен 30 жылға жуық бірге тұрдық. Олар маған келіп тұрады. Келген кезде қолыма түскен зейнетақымды беріп жіберемін. Инсульт ұстап осындай болып қалдым. Бұрын мал бақтым. Мен осы жаққа үйрендім», - дейді қарттар үйінің тұрғыны Алмас Шыналиев.

Тағы оқыңыздар: Ақмола облысында тұрғын өмірін қатерге тігіп, көршісінің үш баласын құтқарып қалды (фото)

Интернат қызметкерлері І топ мүгедегінің әйелімен сөйлесіп, оны балаларының арасына алып кетуін бірнеше рет сұраған.

«Бұл кісі алғашында әлеуметтік бейімдеу орталығында болды. Алты баласы бар. Өзі ішімдікке салынып кеткен. Ол кісінің әйелімен де сөйлестім: «Мені шаршатты, өмір бойына ішті» дейді. Әйеліне «Үйіңе, балаларыңның ортасына неге алып кетпейсің» деп айтып келеміз. «Үйде оны қарайтын адам жоқ. Бәріміз жұмыстамыз» дейді. Осы жаққа зейнетақы түскен кезде балалары да, әйелі де келеді. Әйелі келіп үнемі зейнетақысын алып кетеді», - дейді қарттар мен мүгедектерге арналған интернат директорының орынбасары Сән Нұрышева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1590119-aqtobede-alty-balasy-bar-er-adam-10-zhyld.html