RU

Ақмола облысында тұрғын өмірін қатерге тігіп, көршісінің үш баласын құтқарып қалды (фото)

Ақмола облысының тұрғыны қою түтінге оранған үйдің ішінен үш кішкентай баланы алып шығып, жерлестерінің қошеметіне бөленді. Арман Шариев өрт сөндірушілер келгенше өрт шалған үйдің балаларын құтқарып үлгерген. Олардың үлкені сегізде болса, кішісі – бесіктегі сәби.

Бұл туралы NUR.KZ порталына балаларға екінші өмір сыйлаған жігіттің нағашы ағасы Мұхтар Жанұзақов жеткізді.

Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылының 31 жастағы тұрғыны Арман Шариев үйінің ауласында өсіп кеткен шөпті шауып жүрген. Кенет ол көрші үйдің сыртқы есігінен будақтап шығып жатқан қара түтінді байқап қалады.

«Жалма-жан жетіп барсам, үйдің ішінен жылаған балалардың даусы шығып жатыр екен. Қою түтіннің арасынан екі баланы әрең шығарып алдым. Гүлжан есімді қыз сегіз жаста, Бақытжан алтыда. Содан соң Бақытжан балақай іште тағы бесіктегі інісі қалып қойғанын жыламсырап айтты. Дереу қайта үйдің ішіне кіріп едім, бала жатқан бөлмеге кіре алмадым. Түтіннен түк көрінбей кетті. Үйді айналып терезені шақтым. Ол жерден де кіре алмадым.

Кішкентай Бақытжанның айтуымен бір бөлменің терезесіне беттедім. Ішімнен «бесіктегі баланы құтқарып үлгере алмаймын-ау» деп жылағым келді. Қолыма түскен силикат кірпішпен әйнекті шақтым. Бөлмедегі қою түтіннен бесікті әрең таптым. Жаңағы лақтырған кірпішім тура бесіктің жанына түсіпті. 11 айлық Мағжанның періштесі қаққан екен.

Бесікті терезе арқылы сыртта тұрған көршіме ұстатып, өзім де шықтым. Бір-екі қадам басып, басым айналып құладым. Біраз уақыттан кейін ғана есімді жидым. Мен өзімнің жасаған ісімді ерлік деп санамаймын. Менің орнымда басқа біреу болса, ол да солай жасаған болар еді», - дейді Арман Шариев.

Целиноград ауданының өрт сөндірушілері хабар түсе салысымен, бес минут ішінде оқиға орнына жетіп, өрттің алдын алды.

Арман Шариевтің туыстары мен таныстары оны бүгінгі күннің батыры деп атап кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1590685-aqmola-oblysynda-turghyn-omirin-qater.html