RU

Қазаққа тұрмысқа шығуды армандаған орыс қызы жеті баламен жалғыз өзі күнелтіп жүр (видео)

35 жастағы Ульяна Шиловская - жеті баланы жалғыз өзі асырап отырған батыр ана. Кезінде қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, 12 ұл тәрбиелеуді армандаған орыс қызы "жағдайы жоқ болса да, бала туа беретіндерді" жазғыратын жандарға жауап берді деп хабарлайды «NewTimes.kz» агенттігіне сілтеме жасаған NUR.KZ.

Ульяна өзінің бұрынғы күйеулері, яғни балаларының әкелері туралы тіс жарғысы келмейді. Тек алғаш рет студент кезінде тұрмыс құрып, екі баланы дүниеге әкелген соң ажырасып кетіп, басқа жігітке күйеуге шыққанын айтып берді.

«Екінші күйеуіммен 2010 жылға дейін бірге тұрып, одан 4 баланы дүниеге әкелдім. Алты баланы асырау қиынға соқты ма, күйеуім екі жерде жұмыс істеп жүрсе де, бізді тастап кетті. Сол уақытта қатты қиналдық. Ішерге ас, киерге киім таппадық. Балаларым әлі күнге дейін әкелерін кешіре алмайды», - деген көпбалалы ана біраз уақыт өткен соң тағы бір адаммен кездесіп жүрген.

Кейін жетінші балаға аяғы ауыр екенін білген Ульяна "қабылдамай қоя ма" деген қорқынышпен ол жігітпен мүлде араласпай кетіпті.

Үйдің ең үлкені Александра - 16 жаста болса, ең кішкентайы Федя - бар болғаны екі жаста.

Тағы оқыңыздар: Қуат Хамитов: Қазақстанда футболға тыйым салу керек

Отбасы елордадағы тұрғын үйлердің біріндегі жертөлеге ай сайын 65 мың теңге төлеп өмір сүріп жатыр. Өжет әйел балаларға берілетін 43 мың теңге жәрдемақыдан бөлек, жөндеу жұмыстарында 1-2 күн сылақшы болып тапқан ақшасына үйін асырап отыр. Дегенмен, астаналық қайырымды жандар оларға киім-кешек пен азық-түлік әкеліп тұрады екен.

Тағы оқыңыздар: Ұлыбританияда алғаш рет екі әйел үйленіп, айды аспанға бір-ақ шығарды (фото)

"Жағдайы жоқ бола тұра бала туа беретін" әйелдерді жазғыратын жандар көп екенін алға тартқан Ульяна оларға өз жауабын берді.

«Біз үйде төрт қыз болатынбыз. Есімде қалғаны, анам бізді жақсы көретін және өте мейірімді жан еді. Тек әкеміз бізді қатты ұратын. Сонан соң бірінші мені балалар үйіне апарып тастады. Кейін үш әпкемді де. Бізді жан-жаққа бөліп жіберді. Ең кенже сіңілімді 9 жыл бойы іздедім», — деген ол көпбалалы ана болып, ауылда тұруды кішкентай кезінен армандағанын айтты.

«Балалар үйінде қыздармен бірге жиналып отырғанда мен үнемі қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, 12 баламен бірге үлкен шаңырақта ауылда тұрғым келетінін жиі айтатынмын. Әрине, бәрі мен ойлағандай болмады. Дегенмен, менің қазір жеті балам бар. Мен оларды бағып-қағып, осы күнге жеткіздім.

Ең кішкентайыма аяғым ауыр кезде аборт жасатқым келді. Бірақ, аурухананың алдына барып тұрып, райымнан қайтып қалдым. Оның ұл бала екенін сездім. "Алтыншы балам қайда болса, жетіншісі де сонда" деген ой келді. Әйтеуір күн көретінімізге сендім», — дейді батыр ана.

Тағы оқыңыздар: Қазақстандық жасөспірім АҚШ-та күніне 100 долларға жұмыс істеген

«Мен балаларын тастап кететін аналарға оларды қалай да тәрбиелеп өсіруге болатынын дәлелдеймін. Нан мен сүтке кез келген адам ақша таба алады. Тек баланы тастаудың қажеті жоқ. Жай ғана ерік-жігер мен балаңа деген махаббатың болса, болғаны. Дәл осы махаббат мені мықты етеді. Мен өз балалрымды жақсы көремін», — деп аяқтады сөзін 35 жастағы Ульяна.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1590842-qazaqqa-turmysqa-shyghudy-armandaghan-o.html