RU

Қазақстандық жасөспірім АҚШ-та күніне 100 долларға жұмыс істеген

Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғындары 2 жыл бұрын АҚШ-қа көшіп кеткен. Содан бері олардың өмірі өзгеріп сала берді. Ернар Бейсембай NUR.KZ порталына сұхбат беріп, теңіздің арғы жағындағы өмірі туралы қызықтармен бөлісті.

Ернар 17 жаста, Қордай ауданында туылған. Ол 2015 жылы ата-анасымен бірге АҚШ-қа көшіп кетеді. Отбасының көшуіне Ернардың анасы себепкер болған.

«Менің анам бұрыннан Америкаға көшуді армандайтын. Оның жақын құрбысы бізден бұрын көшіп кеткен. Ол әрдайым қонаққа келген кезде АҚШ-та өмір сүру жақсы әрі ынғайлы екенін айтып отыратын. Біз отбасымызбен көп ақылдастық. Соңында, анам мен екі қарындасым бірінші болып көшіп кетті, ал мен жарты жылдан кейін бардым», - деп есіне алды жігіт.

Қазір Ернар америкалық мектепте оқып жатыр және еркін күреспен айналысады. Бос уақытында отбасына көмектесу үшін қосымша жұмыс істейді.

«Мен осы уақытқа дейін көп жерлерде жұмыс істеп көрдім: құрылыс алаңында шатырларды жөндедім. 2-3 айдың ішінде көлікке қаражат жинадым, сосын даяшы болып жұмыс істеуге кеттім. Күніне 20 сағат жұмыс істеп, 100 доллардан тапқан күндерім де болған», - деп есіне алды Ернар.

Тағы оқыңыздар: Қуат Хамитов: Қазақстанда футболға тыйым салу керек

Ернар мектебінде тағы бір қазақ баласы барын есіне алды.

«Менің мектебімде тағы да бір қазақ баласы оқиды. Әрине біз бір-бірімізге көмектесіп тұрамыз. Тіпті бастапқы уақытта мектепке бірге баратынбыз. Бұл біздің қанымыздың жақындығынан болар», - дейді ол.

Қазақстандық жасөспірімнің айтуынша, жерлестерінің көбі Америкаға тек ақша табу үшін келеді.

Жас жігіт елдегі менталитет Қазақстаннан өзгеше екенін байқаған.

"Мұндағы мектептерде еркіндік деңгейі арнасынан тасып жатыр. Мәселен, оқушылар 8-9 сыныпта жүкті болып қалса, оларды ешкім сөкпейді, оқудан да шығармайды. Мектеп формасы деген ұғым да жоқ. Мұның дұрыс-бұрыстығын да білмедім", - дейді Ернар.

Жасөспірім өз елін сағынатынын айтып, ағынан жарылды.

"Кей кездері Қазақстанды қатты сағынып, АҚШ-тың көп кемшіліктерін байқай бастаймын. Себебі, туған жерімді аңсаймын", - дейді ол.

Журналист Алтын Нығманованың материалынан аударылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1590856-qazaqstandyq-zhasospirim-aqsh-ta-kunin.html