RU

Талдықорған-Өскемен тас жолынан мезі болған жүргізуші министрмен кездескісі келетінін айтты (фото)

Еліміз жол-көлік апатынан қаза тапқандар саны бойынша Еуропа мен ТМД елдері арасында бірінші орында. Жолдағы кісі өлімі саны жағынан елімізде Алматы облысы көш бастап тұр. Алматы облыстық прокуратурасы таратқан мәліметке сай, мұнда жыл басынан бері 191 адам жол апатынан көз жұмған. Ресми орган оның себебін облыс аумағындағы көлік санының тым көптігі мен жүргізушілердің алаңғасарлығынан көреді.

Алайда ел тұрғындары жол апатының көптігі көлік жүргізушілерін мезі еткен республикалық жолдардың сапасынан екенін айтып жалықты.

Мысалы осы жазда демалушылар арасында сұраныс жоғары болған Алакөлге апарар Талдықорған - Өскемен тас жолының жағдайы расында жаға ұстатарлық күйге түскен.

Алматы мен Талдықорғанды жалғаған жаңа жолдан соң (270 шақырым), көліктер ескі жолға түседі.

Ойлы-шұқырлы жол Алматы облысының Сарқан қаласынан әрі асқанда басталады.

Бұл жолдың бөлігінде жылдамдықты сағатына 20-30 шақырымға түсірмесе, көліктің іш-құрылысын айтпағанда, ішіндегі жолаушылардың іші- бауырын солқылдатып, бүйрегін түсіріп жіберетіні рас.

Осылайша көліктерге мына жол белгісінде көрсетілгендей 10 шақырым емес, одан да ұзағырақ, жоғарыда айтылған жылдамдықпен жүруге тура келеді.

Жол бойындағы Қойлық, Қабанбай елдімекендерінің арасын қазіргі заманғы көлік тұрмақ ат арбаның өзі әрең жүретін жол жалғап жатыр.

Кедір-бұдыр жолды көтере алмаған көліктер жол шетінде бұзылып тұр.

Өзін Тимур деп таныстырған жүк көлігінің жүргізушісі Алматыдан Өскеменге жеміс тасиды. Көлігінің артқы белдігі сынған Тимурдың жол шетінде тұрғанына бір тәулік өтіпті. Оның айтуынша, еліміздің жүргізушілері жаман жолға әбден көндігіп кеткен.

«Бұл жол бөлігі алдымыздағы Үшарал қаласынан асқандағы жолмен салыстырғанда айналайын. Жолды көріп, жылайсыз, министрге кіріп, бетпе-бет сөйлескіңіз келіп кетеді. Өздерін сол жолмен жүргізіп қойса ғой, шіркін..», - дейді ол.

Көліктер ойлы-шұқыр жолдан қашып, жиегіндегі қара жолды шаңдатуға мәжбүр.

Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысын жалғап жатқан Алматы-Өскемен тас жолының бөлігін жол деп айтуға келмейді.

Көліктер бір шұқырдан қашып, екінші шұқырға тоғытылып жатыр.

Айта кетейік, бұл жол Алакөлдің Үржар ауданындағы жағалауына апарар жол. Мұнымен қайтқан туристер көлде қалай демалғанын ұмытып қалуы бек мүмкін.

Бұл бөліктегі ірілі-ұсақты шұқырларды жақын арада Үшарал қаласынан бастап Алматы облысының шекарасына дейін жеңіл-желпі бекіту қолға алынды. Алайда оның ұзаққа шыдамайтынын жүргізушілер біліп отыр.

Биліктегілер жақын арада «Талдықорған-Өскемен» тас жолын жөндеуді бастауға уәде берді.

Ұлттық экономика министрлігінің таратқан мәліметіне сәйкес, осы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында еліміздегі автожолдар саласын дамыту бойынша 17 жоба қолға алынған. Солардың ішінде 312 шақырымға созылатын «Талдықорған-Өскемен» тас жолының бөлігі мен «Үшарал-Достық» арасын жалғайтын 184 шақырымдық жол кіреді. Қазіргі уақытта жобаның құжаттары дайындалу үстінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1591149-taldyqorghan-oskemen-tas-zholynan-mezi.html