RU

Ауру анасын жетектеп тоғайда тұрып жатқан жігітке NUR.KZ оқырманы көмек қолын созды (фото, видео)

Басынан соққы алып, ауыр халге түскен анасын асырау үшін тоғайда тұрған алматылық актер жігіттің өмірі күрт өзгерді деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Мақала жарық көргеннен кейін редакция телефоны тыным таппай, Танжановтар отбасына көмектескісі келген қазақстандықтардың қатары көбейді.

"Қазақстанның барлық өңірінен хабарласты. Барлығы "көмектесейік" дейді, бірақ менде банктік есепшот та жоқ еді. Қайырымды жандар келіп, түнгі сағат үште қала ортасынан бір бөлмені уақытша жалға алып берді. Соған да тәубе, әйтпесе, түн суығына шыдамай анам ауырып, жаңбырдың да астында қалған едік" , - дейді Әлімхан Танжанов.

Тағы оқыңыздар: Қапшағайлық алаяқ әйел төрт млн теңгені жымқырып, Ресейге тайып тұрды

Танжановтардың тар бөлмесінде тыным жоқ. Бірі - азық-түлік, бірі - көрпе жастық, енді бірі - ескі киімдерін әкелуде. Ал, алматылық кәсіпкер Әбіш Сұлтанұлы болса мақаланы оқыған соң, өзін қоярға жер таппағанын айтады.

"Бұл отбасы жайлы ең алғаш NUR.KZ сайтынан оқығанда ер азамат болсам да, жылап жібере жаздадым. Мынандай заманда ауру анасын жетектеп тоғайда тұру деген сұмдық қой. Ауру анасын тастамаған Әлімханға қатты риза болдым. Менің үлкен жатаханам бар. Сол жерден кең бір бөлмені осы отбасыға беремін. Жарты немесе бір жыл тұрады ма, өздері біледі. Әкімдік көмек беріп, аяғынан тұрып кеткенше тамақтары да, жатын-орнын да өз мойныма аламын. Көмектесемін",- деді қайырымды бизнесмен.

Тағы оқыңыздар: Астаналықтар мектепке баратын балаларын 300 мың теңгеге дейін киіндіруде

Төсегінен тұруға шамасы жоқ аурушаң анасы ыстық тамаққа аузы жетіп, уақытша болса да жылы үйде тұратынын естігенде қуаныштан жылап жіберді.

"Мен күнде дұға айтып, құдайдан тіледім ғой. Әлімханға масыл болғым келмеді. Мені тастап кет, өлсем өлермін десем де қасымнан қалмайды. Арманым - кіші ұлым Әлімжанды көру. Соңғы рет көргенімде ол кішкентай еді",- деп жылады Гүлмира Сарманова.

Әлімханға көмек қолын созғысы келетін мейірімді жандар редакцияға толассыз хабарласып жатты. Олардың ішінде отбасының бір жылдық пәтерақысын төлеп,  Әлімханға жұмыс ұсынғымыз келеді деген астаналық актерлар тобы да бар.

Әлімханның айтуынша, "Перзент" балалар үйімен олардың арасында келісімшарт бар.

"Бізде шарттың көшірмесі бар. Сол жерде  "анамның есі қалпына келіп, жазылмайынша баланы қайтарып ала алмайды" деп жазылған. Біз бір-екі рет Әлімжанды іздеп бардық. Сол кезде анам жүйкесі сыр беріп ауырып жүр еді. Балалар үйінің басшысы Әмина ханыммен сөзге келіп, екеуі қатты ұрсысып қалды. Кеше Әмина қажы журналистерге анамды "араққа салынған, ішкіш әйел" депті. Солай өшін алғысы келген шығар. Інімнің үйге қайтпаймын деп айтқан сөзіне де сенбеймін. Қорқытып айтқызды ма құдай біледі. Сөз беремін, аяғымнан тұрған күні Әлімжанды қолыма алып, жеткіземін. Ол менің артымнан ерген жалғызым ғой",- деді Әлімхан.

Ұзақ уақыт күтім көрмеген науқас әйелдің екі бүйрегі төмендеп, миы шайқалып, жатырына ісік түскен. Содан болар орнынан қозғала алмай қалыпты. Гүлмира Сарманованы толықтай тексеруден өткізу үшін қалалық жедел жәрдем тұрғылықты мекен- жайы бойынша ауруханаға әкетті. Ал, барша қазақстандықты жылатып, талай адамға анасына деген құрметімен үлгі болған Әлімханмен қала әкімі Бауыржан Байбектің орынбасары кездесу ұйымдастырмақшы.

Еске салсақ, бұдан екі  күн бұрын редакциямызда алматылық жас актердің ауру анасын бағу үшін, тоғайда тұрып жатқанын жазған болатынбыз. Әлімханға әлі де болсын көмек қолын созғысы келетін жандар үшін Астана банк картасының нөмірі: 5307 96000109 9120; Киви кошелек нөмірі: +7 707 327 3206.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1592139-auru-anasyn-zhetektep-toghayda-turyp-zha.html