RU

Америкалық журналистер Храпуновтың былықтарын әшкере етті

АҚШ-та Қазақстанның бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі әрі Алматының бұрынғы әкімі болған Виктор Храпуновқа қатысты тергеу жалғасып жатыр. Бұл туралы NUR.KZ порталы ia-centr.ru сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда оған қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Виктор Харпуновқа қылмыстық топ құрып, қомақты қаражат жымқырғаны үшін халықаралық іздеу жарияланған болатын.

Америкалық журналистер Виктор Храпуновтың Қазақстанда ғана емес, АҚШ-та да жемқорлық былықтарға қатысы барын анықтады.

Жақында америкалық «McClutchy DC Bureau» сайты Храпунов пен оның туысы Әблязовтің АҚШ-та ақшаны заңсыз жолмен иеленгені туралы материал жариялады.

Журналистік зерттеу материалдарына сенсек, Әблязов пен Храпуновқа заңсыз ақша иеленуде америкалық бизнесмендер көмектесіп отырған.

Еске салсақ, осы жылдың көктемінде АҚШ-тағы Тоғызыншы округтің соты (Калифорния) Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстанның әділет министрлігінің азаматтық шағымын қарастыруға келісім берген болатын.

Шағымда Храпунов елдің қомақты қаражатын жымқырды деп айыпталуда. Ал америкалық журналистердің зерттеуі бұл айыптаулар негізсіз емес екенін растай түскен.

Тағы оқыңыздар: Танымал ресейлік жүргізуші Астана велокомандасының формасын киді (фото)

Дональд Трамптың экс-серіктесі Феликс Сатер Виктор Храпуновтың отбасына түрлі компаниялардың көмегімен АҚШ-та миллиондаған қаражатты жылжымайтын мүліктерге инвестициялауға қол ұшын созғанын айтып берді. Сатып алынған мүліктердің арасында «Trump Soho-дағы» апартаменттер бар.

Храпуновтың "инвестициялары" арасында Әблязовтің Қазақстаннан жалған оффшорлық компаниялар арқылы жымқырған қаражаты да болды деп болжануда.

Мәселен, 2013 жылдың сәуірінде Әблязов пен Храпуновтың бақылауындағы жалған компаниялар арқылы 3,1 млн долларлық апартаменттер сатып алынды.

Айта кетерлігі, сол жылы Саттер мен Храпуновтар отбасы Огайо штатындағы мүлік пен 43 млн долларлық келісімшартты бөлісе алмай, жанжалдасып қалған.

Одан бөлек Храпуновтардың АҚШ компаниясына миллиондаған қаражатты инвестициялауы арқылы отбасының бір мүшесіне жылжымайтын мүлік алуға тырысқаны анықталды.

Тағы оқыңыздар: ОҚО-да мектеп директорының орынбасарын өлтіріп кетті

Әзірге АҚШ-та Виктор Храпуновты соттап жатқанда, ол отбасымен Швейцарияда тұрып жатыр. Бұл ел Храпуновтар отбасына қауіпсіздікте болатынына кепілдік беруде.

Ал Храпуновтың жары Лейла желі парақшасында Храпуновтың кедей екенін, күйеуін өзі асырап отырғанын алға тартып, оның кінәсі жоқтығына сендіруге тырысуда.

Бір қызығы Храпуновтардың "кедей отбасы" Швейцарияның ең бай тұрғындары тізімінде жүр.

Сол арада Украина Швейцариядан Виктордың ұлы Ілияс Храпуновты қамауға алуды талап етуде. Олар Ілиясты БТА банкімен байланысты заңгерлік фирмаға хакрелік шабуыл жасады деп айыптап отыр.

«БТА банкі» бұған дейін Мұхтар Әблязовқа тиесілі болғаны белгілі. Олигарх қазақстандық банктің 7,5 млрд доллардан астам қаражатын жымқырған деп айыпталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1593370-amerikalyq-zhurnalister-khrapunovtynh.html