RU

Алматы облысында обаға қарсы күрес станциясының қызметкерлері уланып, мүгедек болып қалды (фото, видео)

Алматы облысы Панфилов ауданында обаға қарсы күрес станциясының бірнеше қызметкері уланып, еңбекке жарамсыз болып қалды. Олардың екеуі тіпті жүруден қалып, бірінің құлағы іріңдеп кеткен. Денсаулығына байланысты жұмысқа шықпай қалған жігіттердің отбасы екі айдан бері жұмыс орнынан өтемақыны былай қойғанда, әлеуметтік сақтандыру бойынша ақшалай жәрдемақы ала алмағанын алға тартады.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісіне екі аяғынан жүре алмай, төсек тартып жатқан Ерболат Сүлейменовтің жары Гүлжан Сүлейменова жеткізді.

"Жолдасым Панфилов ауданындағы обаға қарсы күрес станциясының қызметкері. Төрт адамның ішінде жағдайы ең ауыр болып тұрған менің күйеуім", - дейді ол.

Ерболат Сүлейменовтың жары Гүлжанның айтуынша, олар 40 күнге іссапарға кеткен. Соның соңғы 12 күнін аудан аумағындағы Сарытауда өткізген.

"Қайтардан бір күн бұрын менің күйеуім ауырып қалған. Артынан тағы үшеуінен ауру белгілері шықты. Бірінші іштері ауыра бастаған. Содан соң буындары ұстамай, аяқтары ұйыған. Сөйтіп іссапардан төрт адам ауырып қайтты, бірақ өз аяқтарымен таудан түскен. Олар алғашында аяқтарының ауырғанын таудың басына шығып-түскеннен көрді.

Үйге келген соң күйеуім ауырдым деп жатып қалды. Ертеңінде қонаққа бару керек едік, күйеуім тұра алмады. Әрең дегенде оны сүйеп алып бардық. Кешке келген кезде мүлде жүре алмай қалды. Сүйеуге келмей қалды. Шілденің үшінде ауруханаға апардым. Ол жердегі дәрігерлер күйеуімнің неден мұндай халге түскенін таба алмады. Тамақ баспасы деп оны инфекциялық бөлімге жатқызып қойды. Ол жерде бес күн жатқызып, кейін терапияға ауыстырды. Онда тағы он күн жатқанда халі мүлде нашарлап кетті. Аудандық аурухана оны бауыр циррозынан емдеді. Шырылдап жүріп, Талдықорғаннан төрт дәрігер алдырдық. Олар күйеуіме қойылған цирроз диагнозын жоққа шығарып, улану екенін анықтап, Талдықорғанға алып кетті. Ол жерде жансақтау бөліміне түсті. Бір апта сонда емделді", - дейді Ерболат Сүлейменовтің жұбайы.

Гүлжанның айтуынша, станция басшысы жұмыста жапа шеккен азаматтарды арақтан уланды деп, өздеріне шаң жуытпай отыр.

"Күйеуім әлі күнге дейін жүре алмайды. Қазір не айтса, соны ұмытып қалады. Басына зақым келген. Басында сарысу пайда болған. Өкпесі үлкейген. Хәлі нашар. Ал  бастығы олар арақ ішкен деп өздеріне жауып жатыр. Талдықорғандағы дәрігерлер оның қанын талдауға Германияға жіберді. Ол жақтан мырыштан уланған деген жауап келді.

Мен өз бетімше мырыш қандай заттың құрамында болатынын зерттеп көрдім. Ғаламторда ол тышқан улайтын дәріде, бояуда, резинада, алтын, күміс сияқты металлдардың құрамында болатынын жазған екен.  Бір таңғалғаным, бұл жолғы іссапарда күйеуімнің әріптестері ешқандай улайтын дәрі қолданбаған. Тек кеміргіш жануарларды ұстап, зерттханаға жіберген. Тағы бір айта кетерлігі, олар тауға ішетін су апармаған, арықтан аққан судан ішкен. Алайда он жыл бойы жұмыс істеп жүріп, өмірі су апарып көрмепті", - дейді Гүлжан.

Сүлейменовтердің төрт баласы бар. Үйдегі отағасынан басқа табыс табатын ешкімі жоқ әйел ішер асқа ақша таппай отырғанын айтады.

"Жолдасымның үйдегі екі жаман машинасын сатып, соның дәрі-дәрмегіне жұмсадым. Сенсеңіз, ішетін тамаққа ақша таппай отырмыз. Жұмыс істемейміз. Бір соған ғана қарап отырған болатынбыз. Науқас қағазын осымен екінші рет өткізіп отырмын, бірақ әлі төленбей отыр. Жәрдемақы тұрмақ, жұмысынан хабарласып, жағдайын да сұраған жоқ", - деп налиды ол.

Ерболаттың әріптесі, обаға қарсы күрес станциясының тағы бір қызметкері Бақыт Кезенбековтың да халі мәз емес. Ол уланғанынан екі аяғын әрең басып, бір құлағы іріңдеп кеткен. Жақында құлағына ота жасатқан ол алты ай бойы жараны таңып жүруі тиіс. Дәрігерлер Бақыт Кезенбековке жалғыз жүруге, көлік рөліне отыруға болмайтынын ескерткен.

"Енді ешқандай жұмысқа жарамайды. Аяқ асты мүгедек атанды. Біздің де төрт баламыз бар. Жұмыс орнынан өтемақы сұрасақ, оны алудың жолы қиын деп жауап берді", - дейді Бақыттың жұбайы Гүлжан Қожақанова.

Бақыттың ағзасы уланғаннан бұл дерт бала кезден әлсіз құлағына шапқан. Жұбайы Гүлжан Қожақанованың сөзінше, құлақтағы ірің төмен түсіп, өкпесіне жақындап, артериясына аз қалған.

Бұл жайттың тағы бір құрбаны болған Ерлан Тугереков те екі аяғынан ділгіріп, әлі күнге жұмысқа шыға алмай, аурухана жағалап кетіпті. 44 жастағы азамат станцияда көлік жүргізушісі болып қызмет етеді. Бір қызығы, ол басқа әріптестерімен тауға шықпаған. Соның өзінде уланып, осы күйге түсіп отыр.

NUR.KZ тілшісі осы жайтқа қатысты "Талдықорған обаға қарсы күрес станциясы" мемлекеттік мекемесіненің басшылығымен хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтады.

- Бұл жайт бойынша ешқандай мәселе, түсініспеушілік жоқ. Барлық науқастың қағаздары бар. Олар төленеді. Ерболат Сүлейменовтың науқас қағазы  кеше ғана... тек жұма күні ғана келіп түскен. Енді төленеді. Орнымен, бәрі заңды", - дегеннен артық жауап бере алмады мекемедегілер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1593457-almaty-oblysynda-obagha-qarsy-kures-st.html