RU

Тіс емдетемін деп миллионға жуық ақшасынан "қағылған" астаналық тұрғын жанайқайын жеткізді

Астанадағы тіс емдейтін клиникалардың біріне барып, 1 миллионға жуық қаражат жұмсаған тұрғын қызмет сапасы сын көтермейтінін айтып, жанайқайын жеткізді. NUR.KZ редакциясына хабарласқан тұрғынның айтуынша, клиника дәрігерлері тісіне зақым келтіріп қана қоймай, ем-домға кеткен қаражатты қайтарудан да бас тартып отыр екен.

«Қаламыздағы танымал клиника ("Doctor Dent") болған соң, осы тіс емханасының көмегіне жүгінген едім. Былтыр қазан айында дәрігер кеңесіне барып, көп ұзамай желтоқсанда емге қажет 850 мың теңгені клиника қызметкерлеріне бердім. Алайда, олар маған ешқандай да чек берген жоқ, келісімшартқа да отырмадық. Ақша төленді деген чекті, бірнеше айдан соң, мен шағымданнан кейін ғана қолыма ұстатты. Ақшаны қалай да кассаға салып, емге жұмсаймыз деп сендірді.

Тағы оқыңыздар: Қостанайда неке қию сарайынан шыққан жас жұбайлар жол апатына түсті (фото)

Бірақ, тісті емдеу кейінге қалдырыла берді. Ақпан айына дейін барлық тістерімді жөндетіп бітіруім керек еді, алайда тек үстіңгі тістерді емдеп үлгердім. Астыңғы тістердің емі кейінге шегеріле берді. Бар кінәм, клининикаға құдайдай сенгенім болып отыр», - деп қынжылды астаналық тұрғын.

Шаһар тұрғыны танымал клиника тісті емдеудің орнына, керісінше зақым келтіріп, қосымша қаражат төлеуге тура келді дейді.

«Алғашында 500 мың, кейін тағы 200 мың теңге бердім. Сосын бір тісімді зақымдап, тағы 100 мың теңге төледім. Тісімді қалпына келтіре алмағандықтан, барлық ақшамды қайтаруымды талап етіп, ІІБ-на клиника үстінен арыз да жаздым. Алайда, емханадағылар өз кінәларын мойындайтын емес. Керісінше, ақшаны кассаға төлемей, дәрігер қолына ұстатты деп өзіме жала жауып отыр.

Екі адвокат жалдап, оларға 300 мың теңге төлеуге тура келді. Айдың күннің аманында осылай шығынға шаш етектен батып отырған жайым бар», - деп жанайқайын жеткізді тұрғын.

Тағы оқыңыздар: Туған ауылындағы әрбір адамға шалқыған өмір сыйлаған олигарх жұртты сүйсіндірді

Сондай-ақ, астаналық келіншек емхана директоры қайтарылатын қаражат орнына, өзінің алтын бұйымдарын ұсынғанын атап өтті.

«Арыз жазғаннан кейін клиника директоры Дана Диасқызы хабарласып, кездесуге шақырды. Директордың айтуынша, емхана барлық қаражаттың 200 мыңын ғана қайтарып бере алады екен. Қалғаны тіс еміне жөнелтіліпті-мыс. Ақшаның барлығын қайтаруды сұрағанымда, құлағындағы гауһар тасы бар сырғасы, қолындағы сағаты мен ұялы телефонының сыртқы қабын ұсынып жатыр. Тағы жетпей жатқан соманы пәтеріндегі қабырға суреттерімен толтыр деді. Не күлерімді, не жыларымды білмедім. Атағы жер жаратын клиника басшысының осындай әрекетке барады деп ойламаған едім», - деп таңданысын жасырмады тұрғын.

Сондай-ақ, клиника жұмысын тексерген құзырлы органдар, Оразалиева С. емге жүгінген емхана бөлімшесінің кейбір медициналық қызмет түрлерін көрсетуге лицензиясы жоқ екенін анықтаған. Қазіргі таңда азаматтық іс қозғалып, соңғы сот отырысы қыркүйек айында өтеді деп жоспарлануда.

Аталған мəселе бойынша тіс емханасына хабарласқанымызда, ондағылар "əзірге қандай да бір пікір білдіре алмаймыз, тек сот шешімі шыққан соң ғана ресми түрде біздің тараптан пікір беретін боламыз" деп қысқа қайырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1593508-astana-turghyny-tanymal-emkhanagha-tis-e.html