RU

Құлдықтан қашпас үшін шымкенттік әйелдің табанына қожайыны шеге қаққан (фото)

2006-2015 жылдары Ресей елінде құлдықта болған шымкенттіктердің бастан өткерген сұмдықтары енді ашылып жатыр деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Жұмыс іздеп көрші елге аттанған тоғыз әйел зорлықтың құрбаны болып, нәтижесінде төрт баланы дүниеге әкеліпті.

«Шымкенттен Ресейге жұмыс іздеп жолға аттанғандардың жалпы саны 11 адам. Оның екеуі ер азамат, қалғаны әйел. Жұмыс іздеушілерді Азиза Балабиева (күдікті) есімді әйел алдап, «Ресейде туыстарым жерлестеріне жақсы көмектеседі, жалақы көп» деп ұшаққа салып жіберген. Ал, оларды әуежайдан Жанар мен Жансұлу есімді әйелдер күтіп алып, жеке дүкендерінде құлдыққа салған. Соның бірі - Әлия есімді бойжеткен қашу үшін түнде тұрып есікке жақындағанда, дүкен қожайыны ұстап алып, табанына шеге қаққан.

Тағы оқыңыздар: Өзін полицеймін деп таныстырған ақтөбелік жігіт сатушыларды тақырға отырғызып кетті

Ал, Айдана деген әйелді де «үйіме кетемін» деп қарсы шығып, тілін алмағаны үшін әбден сабап, мұрны мен қолын сындырған. Барлығына ыстық астың орнына дүкеннен өтпей қалған, мерзімі біткен азық-түлік, мысықтың кепкен тамағын берген. Кішкене қателік жасаса әйелдерге жаза ретінде зорлау қолданылған. Нәтижесінде төрт әйелдің аяғы ауырлап, нәрестелі болыпты. Олар балалардың әкелерінің кім екенін нақты білмейді. Себебі, бірнеше реттен әр түрлі адам зорлаған. Полиция тексеріп келгенде дүкен иелері құлдарын Мәскеудің шетіндегі үйлеріне апарып, қамап ұстаған. Шағымданғандарды аш қалдырып, қинаған.  Жалпы бәрінің көрмеген азабы жоқ. Бұл жай ғана сөз емес, медициналық сараптама кезінде де дәлелденді. Тіпті, "психикалық ауру" деген Несібелі есімді келіншектің дені сау екені анықталды»,- деді зардап шегуші тараптың заңгері Айгүл Орынбек.

Шымкенттіктерді жаппай құлдықта ұстағандар бөтен біреу емес, өз жерлестері. Жанар (Роза) Ыстанбекова, Рашид Мұсабеков, Азиза Сәрсенова (Балабиева), Жансұлу Ыстанбекова, Сәкен Мұздыбаев есімді құл иеленушілер Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары. 1990 жылдары кәсіп үшін Ресейге аттанып, қазір сол жақтың азаматтығын алып, үлкен айқай-шу шыққанда барлығы аты-жөндерін өзгертіп жіберген. Аттарында бірнеше жылжымайтын мүлік пен танымал сауда дүкендері де бар, ауқатты азаматтар.

Тағы оқыңыздар: Ашхабад тұрғындарына Азия ойындары біткенше далаға кір жаюға тыйым салынды

Несібелі есімді келіншекті Ресейге құлдыққа өз енесі аттандырған

«Несібелі күйеуімен ажырасып кеткен кезде енесі келіп: «Ұлым Ресейде жұмыс істеп жатыр. Сен артынан іздеп барып қосылыңдар. Бір аптадан соң мен де келемін. Барлығымыз қыдырып, қала көріп артынша елге ораламыз» деген. Несібелі енесінің сөзіне сеніп күйеуінің артынан аттанып, құлдықтың құрығына ілінген.

Қазір тергеу ісінде Несібеліні алдап шетел асырған шымкенттік ене мен баласы жауапқа тартылуда. Тіпті, олар келіндерінің құлдыққа кетіп бара жатқанын білгенін де жауап алу кезінде  тергеушіге мойындаған», - деді танымал заңгер.

Бір қызығы, құлдықтың қамытын киген жерлестеріміздің құқығын ресейлік еріктілер қорғап дәйек табуға көмектесіп жүрсе, еліміздегі жауапты азаматтар "ақпараттың жетіспеушілігінен" деп істі соңына жеткізбей жайына қалдырған. Артынша құлдықта болғандар бірігіп қайта арызданып, отандық заңгерлердің араласуымен іс қайта қозғалып, алдағы уақытта сотқа жолданбақ.

«Қазір қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша құл иеленушілердің ісін дәлелдеу жұмыстары мен тергеу ісі қарқынды  жүргізілуде. Бұл істе бізге ресейлік блогер Олег Мельников есімді азамат көмектесіп, қылмыстың толық зерттелуіне қол ұшын созды. Куәгерлерден жауап алынып, құлдықта жүріп босанғандардың балаларына  туу туралы анықтамасын іздеу деген сынды  дәлелдер табылып жатыр.  Сот екі елде яғни, Қазақстан және Ресейде болады. Себебі, зардап шегушілер Шымкентте тұрғанымен қылмыс көрші елде орын алған. Бұл істің әрі қарай жылжымай қалуы немесе жабылып кетуі мүмкін емес. Тоғыз жыл азап көрген жерлестеріміз әділдікке қол жеткізу үшін барымызды салатын боламыз»,- деді заңгер Айгүл Орынбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1593798-quldyqtan-qashpas-ushin-shymkenttik-aye.html