RU

Қарағандылық зейнеткер әйелі мен саяжай жұмысшысын атып өлтіріп, артынан өзіне қол салды

Қарағандыда 72 жастағы зейнеткер өз әйелі мен саяжай жұмысшысын атып өлтіріп, артынан өз-өзіне қол салған деп хабарлайды 31 арна.

Саяжайдағы жантүршігерлік оқиға осыдан екі күн бұрын болған. Бірақ қанның іздері үйдің айналасында әлі де бар. Ресми мәліметке сай, 72 жастағы зейнеткер әуелі әйелін өлтіріп, кейін электр желілерін жөндеуге келген саяжай жұмысшысының басынан атқан.

Содан кейін қария қақпаның алдына тоң төсеп, жатқан күйде шекесіне Макаров тапаншасынан оқ атқан. Сұлап жатқан адамды көрген саяжай күзетшісі бірден полиция бөліміне хабарлаған. Сөзінше, үйдің ішінде тағы екі мәйіттің барын тәртіп сақшылары келгенде ғана білген.

Тағы оқыңыздар: Әріптестерін пышақтап, қашып кеткен атышулы Үмбеталиевтің қайда жасырынғаны белгілі болды

"Әуелі ішкіштер жатыр ма деп ойладым. Жақындаған кезде оның беті қан екенін көрдім. Қасында Макаров тапаншасы жатты. Ары қарай кіруге қорықтым. Ал басқа екі мәйітті мен көрмедім", - дейді саяжай күзетшісі Николай Аксенов.

Тоқ жөндеуге келген маманды зейнеткер үйдің ішінде атып өлтірген деген ақпарат бар. Ал бірнеше жыл бойы отасқан әйелінің өлі денесі есік алдындағы дәретхананың алдында табылған.

Қария мұндай қылмысқа қызғаныштан баруы мүмкін деген болжамға саяжай төрағасы да сүйеніп отыр. Өйткені, ерлі-зайыптылар бұның алдында ажырасқан екен. Ал зейнеткердің саяжайға тапаншаны қалай кіргізгенін басшы айта алмады.

"Мен түгілі, зейнеткердің ұлы тапаншаны қайдан алғанын білмей отыр. Әскери тапаншада жеті оқ болған, қазір оның төртеуі ғана қалыпты. Мен екеуі ажырасқан деп естідім. Бірақ күйеуі әйеліне келіп тұратын", - дейді саяжай төрағасы Геннадий Овчиннико.

Қару-жарақ сақтауға тыйым салынған саяжайда тапаншаның қалай пайда болғанын полиция қызметкерлері анықтауға кірісті. Ішкі істер департаментіндегілер оқиғаны «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша тіркеп, тиісті сараптамалар тағайындапты.

"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99 бабы екі тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қылмыстық оқиға қызғаныштың салдарынан болған", - дейді Қарағанды облысы ІІД МТАБ басшысы Бақытжан Құдияров.

Қанды қылмыс болған саяжай өкілдері тексерісті кешелі бері екі есе күшейтті. Ал кісі қолынан мерт болған жұмысшының артында екі баласы қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1594363-qaraghandyda-zeynetker-ayeli-men-sayazh.html