RU

Астаналық бойжеткен өзін қарызға белшесінен батырып кеткен сүйіктісін іздестіруде (фото)

Астаналық бойжеткен  "үйленгелі" жүрген жігітіне ірі көлемде ақша алып беріп, алданып қалғанын айтып шарқ ұрды. Айтуынша, сүйіктісі оған несие алдырып, қыруар қарызға батырып қашып кеткен. NUR.KZ порталына хабарласып, жан айқайын жеткізген Әсем Досбаева (авт. аты-жөні өзгертілді) жігіттің қалай алдап соққаны туралы айтып берді.

«Біз Расулмен «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы маусым айының 1-інде таныстық. Алғашында тек желі арқылы сөйлесіп жүрдік, кейіннен кездесуге шақырды, сөйтіп бір-бірімізді танып, жақын араласа бастадық. Сосын кейіннен үйлену туралы айтып жүрді. Желідегі парақшасында 1.07.1986 жылғы деп көрсетілген. Айтуы бойынша негізі Алакөл жақтың тумасы еді, бірақ анасы, ағалары Алматыда тұрады. Үйлерінде 6 бала болуы керек: Ғалымбек (жұбайы Индира), Жасұлан, Руслан, Әділет және әпкесі Алма.

Расулдың айтуынша, ол үйдің кенжесі. Алайда анасы оны үйде Айдын деп атайды екен. Тегі де алғашында Шайхин болыпты, кейіннен әкесінің аты, яғни Төлегенов деп өзгертіпті-мыс», - дейді Әсем Досбаева.

Бойжеткеннің айтуынша, біраз уақыттан кейін жігітте қаржы тұрғысынан қиындықтар туып, ол Әсемнен бірнеше рет ақша сұраған.

«Алғашында мен оған еңбекақы карточкамды берген едім. Одан шамамен 20 мың теңге көлеміндегі ақшаны алған. Кейін қолына тағы да 60 мың теңге бердім. Біраз уақыттан кейін оған ірі көлемдегі, яғни 700 мың теңгедей ақша керек болды. Өзінің айтуы бойынша Президент "канцеляриясында" қызмет еткен еді.

Тағы оқыңыздар: Kaspi Bank-ке жасалған шабуылдың жантүршігерлік видеосы пайда болды (видео)

Алайда, оның табысымен несие берілмейтін болып, ол маған несие рәсімдеп берші деген өтініш айтты. Мен басынан бастап-ақ, одан еш сезіктенбеген едім, қандай да бір жаман ойсыз қолына 690 мың теңгені ұстата салдым. Сонда жалпы сомасы 770 мың теңгедей беріппін. Сондай-ақ, Заречный ауданында үй салып жатырмын, желтоқсан айына таман жұмысынан пәтер беріледі деп сендірген-ді», - деп қынжылды астаналық бойжеткен.

Соманың жарты бөлігін тамыз айының басында қайтарып берем деген жігіт содан бері телефонын сөндіріп, еш хабарсыз кеткен.

«Тамыздың 1-і қайтарып беруі тиіс еді. Өзім жолға шығып бара жатқандықтан, шығарып саламын, сол кезде әкеліп беремін деп уәделескен едік. Алайда, вокзалға келмеді. Тек екі күннен кейін ғана ағасы қоңырау шалып, құрылыс алаңында басына ауыр зат түсіп, қазір ауруханада жатыр деді. Қазір ойлап қарасам, мұның рас-өтірігі де белгісіз.

Содан бері ұшты-күйлі жоқ. Телефонына хабарлассам, басында қоңырау барып тұрған еді, қазір мүлде өшірулі тұр. Амалсыздан туған жерімдегі ІІБ-да жұмыс жасайтын жездеме Расул Төлегенов туралы мәліметтерді біліп беруін сұрап едім, ол кісі базадан ондай аты-жөні бар адам таппады.

Яғни, аты-жөні де жалған болып тұр. Көлігі де жоқ. Желідегі парақшасындағы достар қатарында менен басқа адам жоқ», - дейді тұрғын.

Тағы оқыңыздар: Елбасынан ескерту алған премьер-министр қоластындағылардың жұмысын сынады

«Айтуы бойынша Майлин көшесінің бойындағы вип-қалашықта ағаларымен бірге тұрады. Карточкамдағы ақшаны алған аймақтарын тексерсем, сол аудан маңындағы банкоматтардан алғаны белгілі болды. Қазір қаражатты бергенімді растайтын қолымда ешбір дәлел болмай тұр. ІІБ-на алаяқтың үстінен арыз жазғанымда, ондағылар қолымда дәлел болмағандықтан, істі азаматтық соттың қарауына бер деді. Ол жаққа шағымданайын десем, оның нақты аты-жөнін білмей отырмын.

Егер осы азамат туралы қандай да бір мәлімет білетіндер бар болса немесе оны көріп жатсаңыздар, маған хабарласуларыңызды сұраймын. Бәлкім, бұл азамат мен сияқты талай адамдарды алдап жүрген алаяқ шығар», - дейді астаналық бойжеткен.

Бойжеткеннің қоңырауларына жауап бермей жүрген азамат, портал журналистерінің қоңырауын көтеріп, "жұма күні Астанада болатынын айтып, бойжеткенмен кездесетінін" айтты. Өзін Расул екенін айтқан жігіт ешкімнен де қашып жүрмегенін айтты.

Алайда, Əсемнің өзі хабарласқанда телефонын тағы да өшіріп тастаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1594665-astanalyq-boyzhetken-ozin-qaryzgha-bel.html