RU

Бразилияға "бриллиант салынған сөмкені" жеткіземін деп екі қазақстандық сотталып кетті

Есірткі тасымалымен Бразилияда ұсталған екі қарағандылық тұрғын сотталып кетті. Қарағанды облыстық прокуратурасының мәліметінше, қазақстандық азаматшаларды қылмысқа 25 жастағы ел тұрғыны мен Иордания азаматы тартқан деп хабарлайды NUR.KZ.

«Адамдарды шақырумен 1992 жылы дүниеге келген қарағандылық тұрғын мен Иордания азаматы бірлесіп айналысқан. Олар өзге мемлекетке есірткі тасымалдау үшін адамдарды жұмысқа тартып, сол үшін ақшалай сыйақы алып отырған", - дейді Қазыбек би атындағы прокуратура бөлімінің басшысы Шыңғыс Нұрдәулетов.

Тағы оқыңыздар: Көкшетауда 12 жасар қызды зорлады деп күдіктелген жігіт ұсталды

Қылмыстық жоспарды орындау үшін К. есімді азаматша  ағылшын тілін білетін адамдарды арнайы іздеп тауып, оларға әлемге саяхат пен көлемді ақша алатындарын уәде етіп, бриллиант салынған сөмкені жеткізуді тапсырады. Ол тіпті, жеткізушілерді "бұл заңға қарсы әрекет емес" деп сендірген.

"Өздері қандай жүк алып бара жатқанынан хабарсыз екі азаматша қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде Бразилияда ұсталды. Олардың сөмкесінен ірі көлемде есірткі заттары тәркіленіп, екеуі де жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылды", - дейді прокурор.

Осы жылдың маусым айында 25 жастағы Қарағанды тұрғыны тұтқынға алынып, алты жыл сегіз айға сотталып кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1595290-braziliyagha-brilliant-salynghan-somke.html