RU

Бетін тұмшалап жүргендер енді 200 мың теңгеден аса айыппұл арқалауы мүмкін

Беттерін тұмшалап, ниқаб пен паранжа киіп жүргендер енді 200 мың теңгеден астам айыппұл арқалауы мүмкін. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жүзін жабатын киімдерге тыйым салатын заң жобасын қыркүйекте парламентке таныстырмақ деп хабарлайды 31 арна.

Қауға сақал қойып, қара жамылғы жапқандар дауына нүкте қоюға президенттің өзі тапсырма бергеннен кейін Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мүфтиятпен бірге іске кірісіп кеткен еді.

Көп күттірмей әзірлеген заң жобасында бірқатар тыйымдар қарастырылған. Ең бастысы, енді қоғамдық орында бет аузын тұмшалап, қара жамылып жүретіндер заңмен қудаланып, 200 мың теңгеден аса айыппұл төлейді. Алайда, министр мұны хиджабпен шатастыруға болмайды дейді.

Тағы оқыңыздар: Ашуланған түйе өз иесінің қолын шынтағына дейін жұлып алды

"Хиджаб мүлдем талқыланбайды. Өйткені, хиджаб бетін жаппайтын киім. Хиджабқа қарсы ешкім ештеңе демейді. Хиджабты паранжамен шатастыруға болмайды", - дейді Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.

Министр, президент айтқан қауға сақал мен қысқа балаққа қатысты тіс жармады, жобаны мүфтиятпен, дінтанушылармен бірігіп талқылау үстіндеміз деп құтылды. Ал, заң жобасында баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналарға да жаза қарастырылған. Мұндай норма енгізуге былтырғы жылдың өзінде елімізде 10 мыңға жуық отбасының діни ұстанымдарын алға тартып, вакцина алуға қарсы шығуы себеп болыпты.

Енді екпеден бас тартқандар 20 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Дінтанушылар мұндай тыйымдар қазіргі қоғамда қатты қажет, заңды қатайтуға мәжбүрміз деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1595635-betin-tumshalap-zhurgender-endi-200-mynh-te.html