RU

Бес ай бойы жуынбаған Алматыдағы ардагердің аянышты жағдайы жұртты шошытты (фото)

91 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Чеботарев Алматыда жападан жалғыз аянышты жағдайда тұрып жатыр. Бұл туралы NUR.KZ порталы 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Ардагердің айтуынша, ұлы оны алдап, бар жағдай қарастырылған пәтерінен ескі үйге шығарып жіберген. Ал өзі пәтерді сатып, Ресейге кетіп қалыпты.

Қария әйелінің қандай жағдайда екенінен бейхабар болып шықты. Ақсақалдың ұлы анасын да жарытпапты. Ол кейуананы өзге қалаға көшіріп, сонда тастап кеткен. Ал зейнеткердің немерелері оған сирек бас сұғады.

Тағы оқыңыздар: Астаналық бойжеткен өзін қарызға белшесінен батырып кеткен сүйіктісін іздестіруде (фото)

"Қамқорлықта болуға лайық емеспін бе? 17 жасымда сегізінші сыныпта оқып жүргенімде Туған жерімді қорғауға шықтым. Ал бүгінгі жағдайым мынау. Қалай күйінбейсің?", - дейді  Чеботарев.

91 жастағы қария - І топ мүгедегі. Алты түрлі дертке шалдыққан ақсақалдың денсаулығы сыр беруде. Күніне әрі кетсе екі рет тамақтанатын Чеботарев соңғы рет бес ай бұрын суға түсе алғанын айтып, мұңын шақты.

Алматы әкімдігі зейнеткерді ардагерлер үйіне жайғастыруға сөз берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1595785-kunine-ari-ketse-eki-ret-tamaqtanamyn.html