RU

60 жастағы отағасы өзінен 22 жас кіші әйелін өлімші етіп сабап, шашынан сүйреген (фото)

Ақтөбеде 60 жастағы ер адам өзінен 22 жас кіші әйелі мен өгей ұлын өлімші етіп сабап тастаған. Қатты соққыға жығылған әйелдің арызын полиция бөлімшесіндегілер қабылдамай ол екі күн бойы орнынан тұра алмай қиналған деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

«Әйелдер көп хабарласады. Жақында бір келіншек келді. Жетім өскен, жақын ешкімі жоқ. Келіншек  38  жаста, жолдасы 60 жасқа шыққан. 2009 жылдан бастап азаматтық некеде тұрады. Ол адамға екі бала туып берген: 2010 және 2015 жылғы бір ұл, бір қызы бар. Келіншек осыған дейін тұрмыста болған. Ішімдікке салынып, бомж болып кеткен бірінші күйеуінен 16 жастағы баласын ертіп кетіп қалған», - дейді әйелдерді қолдау орталығының заңгері Лаура Забих.

Келіншекті өзінен 22 жас үлкен екінші күйеуі сегіз жыл бойына сабап келген.

«Жолдасы «мен сендерді асырап отырмын, менің арқамда адам болдың» деп келіншекті ұрып келген. Шашынан сүйреп, 16 жастағы баласын да сабаған. Ер адам өкпе ауруына шалдыққан. Ауруханада емделіп жатыр.  Жақында ауруханадан қашып келіп «жұмыстан келіп болмадың» деп әйелін тағы сабайды.  Күйеуінің соққысынан  қашып шыққан әйел полицияға барған.

Тағы оқыңыздар: Алматы облысында бөлім басшысы 110 баланы лагерге жіберу үшін 2,5 млн теңге несие алды

Полиция бөлімшесіндегілер арызды қабылдамай тастап отыр. «Ол кісіні білеміз, ол жынды, ауруханада жатқан адамды қалай жауапқа тартамыз» деп әйелдің арызын алмай, қайтарып жіберген. Қорғанышы жоқ әйел жылап үйіне қайтып келіп,  екі күн тұра алмай жатқан», - дейді Лаура Забих.

Ер адам әйелінің ақшасын тартып алып, балаларына да тамақ бермей қинаған.

«Келіншектің 70 мың теңге айлығын жолдасы алып отырған. Туған балаларына тамақ бермейді. Үйдегі барлық тәттіні балаларынан тығып өзі жейді екен. Өгей баласын соққыға жығып отырған. Әйел еш жерге шағымданбастан жүре берген. Бізге әйелдің жағдайын айтып көршілері шықты. Зәбір көрген әйелді қалаға шақырдым. Қасына еріп жүріп, прокуратурадағы кеңес беру орталығына бардық. Ол жерде полиция бөлімшісінің үстінен арыз берілді, алиментке арыз жаздық. Осындай құжаттарын реттеп бердік», - дейді орталық заңгері.

Мамандар тұрмысқа шыққан қыздарының жағдайына көңіл бөлмейтін ата-аналардың барына да алаңдады.

«Кеткен қыздың жағдайын сұрамайтындар да бар. Осындай әйелдердің қорғансыздығын жолдасы ғана емес, сол үйдің басқа мүшелері де пайдаланады. Келіншекті  табалап, оны үйіндегі барлық шаруаға құлша жұмсайды. Осындай жас келіншектер бізге жылап келеді», - дейді әйелдерді қолдау орталығының заңгері Лаура Забих.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1595854-60-zhastaghy-kuyeui-olimshi-etip-sabap-tast.html