RU

Орманды паналап күн кешкен отбасы өмірлерінің өзгергеніне сене алар емес (фото, видео)

Орманды паналап өмір сүрген Танжановтар отбасысы туралы өткен аптада көлемді мақала жазған болатын. Өзен жағасында өлместің күнін кешкен ана мен баланың тура бір аптадан кейін өмірі қалай өзгергенін білу үшін NUR.KZ  порталының  тілшілері Гүлмира Сарманова жатқан аурухана барып жағдайын көріп, ұлымен кездесіп қайтқан еді.

Гүлмира Сарманова қазір Алматыдағы №7 аурухананың жүйке аурулар бөлімінде ем қабылдауда. Емдеуші дәрігер Күнсұлу Жұмабаева орташа ауыр жағдайымен келген әйелдің қазір беті бері қарап келе жатқанын айтты. Ал, науқас ана ыстық тамақ ішкелі өз аяғымен жүре бастағанына "тәубе" дейді.

«Алғашында ыдыстағы тамақты тауыса алмайтын едім, асқазаным ауырып, басым айналатын. Қазір жақсы, өзім асханаға барып жүрмін. Дәрігерлер қарап, емін жасап жатыр»,- деді Гүлмира Сарманова.

Аштық пен қаңғыбас болудан әбден шаршаған  Әлімхан болса өмірінің бір аптада күрт өзгеретініне сенбепті.

«Дәл осылай бір аптада өміріміз өзгеріп кетеді деп күтпеп едім, сенбедім де. Анам - ауруханада, бір жылға тұратын жатақхана таптық. Көшеге шықсам барлығы танып «сен ормандағы бала емессің бе? Жағдайың қалай?» деп сұрап жатады. Мен үшін алаңдап, көмек қолын созған отандастарыма алғысым шексіз», - деді Әлімхан Танжанов.

Тағы оқыңыздар: Бес ай бойы жуынбаған Алматыдағы ардагердің аянышты жағдайы жұртты шошытты (фото)

Сайтымызда жарық көрген мақаладан соң қаңғып қалған отбасымен Алматы билігі кездесіп, қолдан келген көмектерін аямайтындарын айтқан.

«Оқуға түсуіме, тұрақты жұмысқа тұруға,  анама жәрдемақы алу үшін құжат даярлап, үй кезегіне тұрғызуға қол ұшын береміз деді әкімдіктегілер. Әзірге сол аурухана мен жатақхананың ортасында шапқылап,  жоғалтқан құжаттарды қайта қалпына келтірумен айналысып жатырмын. Арманым –баспаналы болу. Себебі, үйіміз жоқ қаңғып жүрсек інім Әлімжанды қолыма ала алмаймын. Бізге берілген жатахана мәңгілік емес. Бір жыл өте шығып, "қайтадан қаңғып қаламын ба?" деген қорқыныш басым» ,- деді Әлімхан Танжанов.

Естеріңізге сала кетсек, тоғайда тұрып тағдырдың тәлкегін көрген отбасының өмірі жайлы видеоны бір аптада жарты миллион адам көріп, әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1596306-ormandy-panalap-kun-keshken-otbasy-omi.html