RU

Елімізде дінді желеу етіп, екпеден бас тартатындарға айыппұл салынбақшы

Елімізде діни көзқарастарымен балаларына екпе жасаудан бас тартқандарға 22 мың теңге айыппұл салынғалы жатыр. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі осындай өзгеріс әзірлеп, заңға енгізбек деп хабарлайды КТК арнасы.

Діни сеніммен вакцинациядан сырт қалғандар мен дәрігерге сенбейтін ата-аналарды шенеуніктер қалай ажыратпақ?!

Елімізде балаларына екпе жасатудан бас тартатындардың саны күрт өсіп отыр. Шет қалудың бір себебі – діни көзқарас.

Маңғыстау облысы екпеден бас тартқан өңірлердің үштігінде. Ондай 1016 ата-ананың алты жүзі вакцинаның төмен сапасы немесе басқа да себептерді алға тартса, 411 ананың екпе сеніміне қайшы. Бұндайлардың дінін дұрыстай алмаған шенеуніктер, енді олармен айыппұл салып күреспек.

Тағы оқыңыздар: Елбасы «Самұрық-Қазына» басшысын қабылдап, қордың жұмысын мақтады (фото)

"Заңмен бекітілген міндетті екпелер бар. Оларды ата-аналар баланы туған күннен жасатулары тиіс. Ал олай болмаған күнде, балалары балабақшаға қабылданбайды. Кейін мектепке де бара алмайды", - дейді Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің басқарма басшысы Айнұр Шығырова.

Дәрігерден тізім алған шенділер ұстанымынан айнымаған ата-аналарға заңды көрсетіп, 22 мыңнан айыппұл салмақ.

Бір қызығы, діннен бөлек себеп айтқандарға еш жаза жоқ. Қарағандылық Ирина Смолина мәжбүрлесең мекен ауыстыруға дайынмын дейді.

"Дәрігерлер, екпенің арқасында бала ауруды жеңіл көтеруі мүмкін дейді. Мүмкін, бірақ кепіл жоқ. Иммунитет жақсы болса, бала екпесіз-ақ жеңіл көтереді. Егер мені мәжбүрлейтін болса, елден кетемін", - дейді Ирина.

Тағы оқыңыздар: Ел арасында дау туғызған үш тілділік реформасының шикіліктері шыға бастады

Дәрігерлерге сенімсіздік танытудың бір себебі, өткен жылы Маңғыстау облысында болған оқиға. Қызылшадан екпе алған жүздеген бүлдіршіннің сіңірі тартылып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Осыдан кейін екпеден бас тартқан ата-аналардың саны биыл 14 пайызға артып, он мыңға жетіпті.

Ал Дін істері министрлігінің көтерген бастамасы денсаулықтан гөрі, дінді түзеуге көбірек бағытталса керек.

Діни радикализммен айыппұл салып күресуге рұқсат беретін заң жобасы қазір қызу талқыланып жатыр. Дін істері министрлігі оны қазан айында Мәжіліске алып келмек. Тіпті шенеуніктер құжатты жыл соңына дейін бекітіп алуға бекініп отыр.

Бірақ қазірдің өзінде түрлі түсінбестік туғызған бастаманың әлі пісіп жетілмеген тұсы көп.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1597041-elimizde-dindi-zheleu-etip-ekpeden-bas.html