RU

Қазақстандық жас жұбайлар қайырымдылық жасағанын көрсеткені үшін сынға қалды (видео)

Youtube-арналардың бірінде қазақстандық жас жұбайлардың бірі тойға жинаған ақшасын қайда жұмсағанын баяндайтын видео жарияланды деп хабарлайды NUR.KZ.

Қос ғашық тойға жинаған ақшасын қайырымдылыққа жұмсауды ұйғарыпты.  N&B love story деп аталатын видео Didar Abu Arafat есімімен тіркелген қолданушының парақшасында жарияланған.

"Бұл видео қазақстандық интернетті "жарды"! Жастардың ел күтпеген әрекеті. Соңына дейін көріңіз! Дұрыс істеген болса, LIKE басыңыз", - делінген видео астында.

Видеода жас жұбайлар тойдың ақшасын қайда жұмсағандарын баяндайды. Айтуларынша, ата-аналары оларға әлем эстрадасының жұлдыздарын шақыра отырып, дүркіретіп той жасап беруді қалапты. Той қонақтары арасында Эрос Рамазотти сынды жұлдыздар болуы тиіс еді.

Алайда қос ғашық ата-анасынан кешірім сұрай отырып, тойды болдырмаған. Орнына бар қаражатты балалар үйі мен мешіттерге таратқан жас жұбайлар елдің алғысына бөленді. Бұл оқиға қай қалада болғаны белгісіз.

Тағы оқыңыздар: Тәжікстанда ұлттық киім кию мен мемлекеттік тілді білу заңмен міндеттелді

"Қандай керемет жансыздар. Алла сіздерге бақыт берсін", "Жарайсыңдар, бұл бәріне үлгі. Алла сіздерге денсаулық берсін", - деп мақтауларын жаудырды желі қолданушылары.

Дегенмен жас жұбайлардың әрекетін керісінше сынағандар да табылды.

"Мұндай әрекетті жария етпеу керек. Әлемге жар салмауларың керек еді. Сіздердің ақшаларыңыз расымен балаларға жұмсалады деп үміттенемін",  "Алла разылығы үшін қайырымдылық жасасаң, бұл жасырын болуы тиіс. Бұл сіздерде "риия" (көзбояушылық) болып шықты. Хадисте оң қолыңмен берілген садақаны сол қол білмеуі тиіс делінген... Сіздер бұл істеріңізбен Алланың емес, адамдардың разылығына бөлендіңіздер", - дейді өзге пікір қалдырушы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1597068-qazaqstandyq-zhas-zhubaylar-qayyrymdy.html